Оқу үдерісіндегі өте қатаң және жүйелі бақылау жоғары оқу орындарындағы жемқорлық әрекеттерді жояды - ҚазҰУ проректоры М. Орынханов

АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Студенттердің оқуға деген қабілеттерін көтеру, сонымен қатар оқу үдерісіндегі өте қатаң және жүйелі бақылау ЖОО-лардағы жемқорлық әрекеттердің түбін жояды.

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдарын талқылауға арналған Алматы қаласының жоғары оқу орындары ректорларының кеңесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқу ісі жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша, жемқорлықпен күресте тек әкімшілік шаралармен ешқандай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. "Жемқорлық тетіктері жайламау үшін жағдай жасау керек, бұл жағдайдағы ең бастысы - студенттердің оқуға деген қабілеттерін көтеру. Егер студент шынымен білім алу үшін келсе, ол барлық тәсілмен білім алып шығады және ешқандай пара бермейді. Ол оқытушыны және пәнді өзі таңдай алады, сол кезде жемқорлық қарым-қатынас жайында ешқандай сөз де болмайды", деді ол.

ҚазҰУ өкілі сонымен қатар оқу орнының барлық әлеуетін көрсететін жаңа оқу бағдарламалары жасалғандығы туралы, сондай-ақ университеттегі жаңа «Универ» интернет-жүйесі жайында айтып берді. "Бұл жүйе қандай уақытта болмасын мұғалімдерге де, білім алушыларға да, сонымен қатар ата-аналарға да студенттердің сабаққа келуі мен оқу деңгейін білуге, бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, мұндай жүйе де жемқорлықтың алдын алады. Оқу жүйесі қаншалықты ашық болса, сонда ешқандай жемқорлық та болмайды. Бізде бүгінде сырттай оқитын студенттер толығымен қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті", деді ол.

Жиын барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Д.Серікбаев атындағы ШМТУ-да жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу барысында жинақталған тәжірибелер ортаға салынды. Бүгін соның және кеңес барысындағы ұсыныстар негізінде нақты шешімдер қабылданатын болады. Сонымен қатар Қазақстан білім беру ісіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы күрес мәселелері қарастырылып, ЖОО-лар арасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.