Оқу жылының басталуына орай астаналық полицейлер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді

АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Оқу жылының басталуына орай, Астана қаласының полицейлері 1-5 қыркүйек күндері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді.

Бұл туралы қалалық Жол полициясы басқармасынан мәлім етті.

Сондай-ақ, 1 қыркүйек күні полицейлер «Абайлаңыз, балалар!» акциясының шеңберінде «Бірінші сынып оқушыларын жаяу жүргіншілер қатарына қабылдау» іс-шарасын өткізуде. Тәртіп сақшылары мектептердегі салтанатты жиындар барысында жазғы демалыс айларында ұмытылып қалған жолда жүру ережелерін оқушылардың есіне тағы бір мәрте салатын болады. Бұл істе полицейлерге Қуыршақтар театрының әртістері көмектеспек. Алып қуыршақтар мультфильмдердегі сүйікті кейіпкерлердің киімдерін киіп, балаларға жолда жүру ережелерін түрлі ойындар арқылы түсіндіреді. Жол инспекторлары көлік жүргізушілеріне жолда жүру қауіпсіздігіне қатысты парақшаларды тарататын болады. Онымен бірге, таңертеңнен бастап Астананың барлық орта білім беру мекемелерінің алдында Жол патрульдік қызметінің сақшылары кезекшілік етуде.

Айта кетейік, оқу жылының алдында Астана қаласының Жол полициясы басқармасы автожол учаскелеріне, аялдамаларға, көліктердің айналатын алаңдарына, мектептер мен мектепалды мекемелердің маңындағы жол белгілері мен жол үстіндегі сызбаларға тексерулер жүргізді. 220 жол белгісі, «Абайлаңыз, балалар!» жазуы бар 40 қалқан, жолдардың үстіне жылдамдықты жасанды тежейтін кедергілер орнатылды.