Оқудан – Іске: «Әкімдер мектебі» жобасының екінші кезеңі басталды

Фото: amanatpartiasy.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміз бойынша 2 мыңға жуық ауыл әкімі осы жоба аясында білім алды. 

Төрт ай бұрын басталған «Әкімдер мектебі» жобасының алғашқы кезеңінде 600 миллиард теңгеден асатын 12 мың инвестициялық жоба дайындалды. Осы уақыт аралығында 1 783 ауылдық округтің әкімі оқудан өтті. Олардың көпшілігі мемлекеттік басқару ісіне алғаш рет қадам басқан. Бүгінде алған білімдерін нақты іске асырып жатыр. Жобаның екінші кезеңінде әкімдер ауыл тұрғындарына кооперативтер құруға, өнім өткізу жолдарын ұйымдастыруға және ауыл экономикасын дамытуға қолдау көрсетті. 

Белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тікелей сайланған әкімдердің жаңа санаты – сайланбалы басқарушылар пайда болғанын атап өтті. Олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ басқа да мамандар бар. Сондықтан Президент «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескере отырып, «Әкімдер мектебі» оқу жобасын іске қосуды тапсырды.

Фото: amanatpartiasy.kz

2021 жылы енгізілген әкімдерді тікелей сайлау – саяси жүйені демократияландыруға бағытталған Президенттің маңызды реформаларының бірі. Бұл өзгеріс азаматтардың белсенділігін арттырып, сайланған әкімдермен бірге ауылдағы түйткілді мәселелерді шешуге жол ашты. Кейінгі төрт жылда 2 мыңнан астам ауыл әкімі сайланып, әкімдер корпусы айтарлықтай жаңарды. Олардың көпшілігі – партия мүшелері, 60%-дан астамы бұған дейін әкім болмаған, мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар.

Сондықтан жаңа сайланған халық қалаулыларына қолдау көрсету мақсатында партия Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп «Әкімдер мектебі» жобасын қолға алды. Төрт айдың ішінде 1 783 ауыл әкімі оқуын аяқтап, ауыл экономикасының бағытын айқындау, нақты табыс әкелетін салаларды анықтау, өнім көлемін бағалау сынды маңызды дағдыларды меңгерді. Жоба аясында мамандармен бірлесіп 2 184 ауылдық округте 12 мыңнан аса инвестициялық жоба әзірленді. Бұл бастамалар өңдеу, кооперация, инфрақұрылымды дамыту сияқты бағыттарды қамтып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған.

– Кедейлікті азайту дегеніміз – тек қаржы үлестіру емес, сана-сезімді өзгерту, дағды беру, нақты мүмкіндіктер ашу. Осы мақсатта партия үш ірі жобаны қатар бастады: «Қарызсыз қоғам» – қаржылық сауаттылыққа баулиды, «Ауыл аманаты» – табыс табу жолдарын көрсететін нақты әдістеме, «Әкімдер мектебі» – қабылданған шешімдер мен ауылдағы шынайы өмірдің арасын жалғайтын көпір іспетті. Бұл жобаның түлектері тек білім алып қана қоймай, жерлестеріне бірлесіп кооперативтер құруға, ауыл экономикасын дамытуға қолдау көрсетіп жатыр, - дейді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Фото: amanatpartiasy.kz

Енді жобаның келесі кезеңінде әкімдер ауылдық кооперативтер құруға кірісті. Көптеген тұрғын «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5% жеңілдікпен несие алып, кәсібін аша алады. Әкімдер ауыл азаматтарын біріктіруге, өнім өткізу желілерін, логистиканы және қызметті үйлестіру жүйесін жолға қоюға көмек көрсетеді. Бұл кезең – жай оқыту ғана емес, нақты жобаларды жүзеге асыруға бет бұратын тәжірибелік саты. 

Партия ауыл әкімдеріне қолдау ретінде кооперация жөніндегі арнайы үйлестірушілерді дайындап, өңірлерге жіберді. Олар ауылдарды аралап, халықпен және бастамашы топтармен кездесіп, жобалардың іске асырылу барысын бақылап, құжат жинауға, кооперативтерді әділет органдарында тіркеуге көмектесіп жүр. 

Фото: amanatpartiasy.kz

Жобаның нәтижесі ретінде 300-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Бұл кооперативтер жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, ауыл шаруашылығы саласын жүйелі түрде дамытуға сеп болады. 

Айта кету керек, бұған дейін «AMANAT» партиясы жанынан Өңірлік саясат жөніндегі Үкіметтік жобалық кеңсенің Аналитикалық орталығы құрылған болатын. Бұл орталық «Әкімдер мектебі» жобасын іске асырумен, басқару ісін цифрландырумен және кооперативтік жобаларды сүйемелдеумен айналысады. 

Еске сала кетсек, бұған дейін «Әкімдер мектебінде» ауыл және аудан басшыларына не үйретілетінін жазған едік.