Оқулық тапшылығы төңірегінде проблемалар шаш етектен - М. Айсина

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Майра Айсина оқушыларға арналған оқулықтар тапшылығына байланысты мәселе көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады.

«Жыл сайын оқу әдебиетін сатып алуға бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Мәселен, ағымдағы жылы оқулық пен оқу-әдістемелік кешеніне тапсырыс үшін 8,5 млрд теңге қаралған. Алайда, өңірлерде сайлаушылармен кездесуде балалардың оқу әдебиетімен тегін, сонымен қатар, ақылы түрде толық және өз уақытында қамтамасыз етілмеу проблемасы үнемі көтеріліп келеді», - дейді депутат.

Оның айтуынша, оқулықтың жетіспеушілігі салдарынан базарларда тура сол оқулықтардың көшірмелері де пайда болған. Олардың бағасы тұпнұсқалықпен салыстырғанда біршама төмен, сапасы да сын көтермейді. Сонымен қатар, ата-аналар да мектепте оқулықтардың тек 5-6 жиынтығы келіп түсетінін айтып шағымданған.

«Оқулық мәселесіндегі қорландыру үдерісі де түсініксіз, ашық емес. Мектеп кітапханасында балалар кітаптарын жеңілдікпен алатын санаты тегін оқулықтармен қамтылса, қалған оқушыларды қамтамасыз ету мүмкіндікке қарай ұйымдастырылады. Ал оқулықтар жетіспегендері оны кітап үкендерінен сатып алады. Алайда, қажетті оқулықтарды сатып алу барысында да проблемалар шаш етектен. Заңды түрде оқулықтарды сатып алу көлемдерін жоспарлау қағидаттарының, оқулықтарды қорландыру тетігінің дұрыс жолға қойылмағаны көрініп тұр. Қолда бар кітаптарды қайта бөлу тетіктері, оқулықтарды кітапханалар мен кітап дүкендеріне жеткізу кестелерінде сұрақ көп. Жоспарлау кезіндегі көші-қон үдерістерін болжау жұмысы да нашар», - дейді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, облыстар бөлінісіндегі соңғы үш жылда оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді басып шығару және сатып алуға бөлінетін қаржат көлемі, 1-11 сынып кешендерінің саны, оқушылардың оқу әдебиеттерімен нақты қамтамасыз етілуі, тапсырыс бойынша алынған оқулықтарды аймақтағы мектептерге жеткізу туралы толық ақпарат жоқ болып отыр.

Депутаттық сауалға Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева бастаған бір топ халық қалаулылары қол қойған.