12:47, 13 Сәуір 2009
Оқулықтар сапасы бойынша республикалық кеңес өтті
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат. Бүгін астаналық №60 мектепте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастырумен оқулықтар сапасы бойынша республикалық кеңес өтті,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа Министрліктің баспасөз қызметі.
Министр Жансейіт Түймебаев оқулықтың жаңа буын мектептерін қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталып, олардың мектеп оқушыларының жаңа ақпаратты меңгеруіне және сапалы білім алуына негіз болу қажеттігін атап өтті. Мектеп оқулықтарын шығару барысында оқушылардың қызығушылықтары, жас ерекшеліктеріне назар аударылу керек. Мәжілістің маңыздылығы ескеріліп, оған ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің қызметкерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, оқулықтар авторлары, тәуелсіз сарапшылар, үздік пән мұғалімдері шақырылды. Қызу өткен пікірталасқа баспа және педагогикалық қоғам өкілдері де қатысты.Білім және ғылым министрлігіне қарасты Республикалық сарапшы кеңес оқулықтардың мазмұнын білім стандартына сай қамтамасыз етеді. 2007 жылы 7-11 сыныптарына арналған 240 оқулыққа сараптама жүргізілді. Оның нәтижесінде 58 оқулық редакторлық өзгеріс енгізу үшін, 100 қайта өңдеу үшін кері қайтарылса, 13 оқулық қолданыстан алынып тасталды. Өткен жылы барлығы 2936 оқулық пен оқыту-методикалық кешенінің тек 1202-і ғана қолдануға ұсынылды, 1107 кері қайтарылды, 338 қайта өңдеуге жіберілсе, 289 оқулықтың сапасы төмен болғандықтан сараптамаға жіберілмеді.
Мектеп оқулықтарының сапасы қазіргі күнгі білім саласындағы өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған орай, ҚР БҒМ республикадағы жетекші ғалымдар мен тәжірибелі педагогтарды тәуелсіз қоғамдық сарапшылыққа тартып отырады.
Осы мәселеге қоғамның назарын аудару үшін «Қатесіз оқулық» республикалық акциясы өткізіліп тұрады. Қорытындысы бойынша, оқулық пен оқу-әдістемелік кешендеріндегі фактологиялық, стилистикалық, орфографиялық және т.б қателіктер және мектеп материалдарының ҰБТ тест тапсырмаларына сәйкессіздігі анықталады.