Оқушыдан мемлекеттік қызметшіге дейін: ЖИ-ді меңгеру не үшін керек

Фото: Коллаж: Kazinform/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алдағы бес жыл ішінде 1 млн-ға жуық адамды жасанды интеллектінің негізіне баулиды. Олар қандай бағдарламамен оқиды және нені меңгереді? 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «ASTANA HUB» басқарушы директоры Дания Ахметова ЖИ-ға баулитын бағдарламаларды тізіп берді.

Оқушылар

— 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін биыл күзде alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы базасында TUMO орталығы ашылады. Орталық балалар анимация, бағдарламалау, 3D-графика, генеративті ЖИ және басқа да бағыттар бойынша тегін білім алатын инновациялық оқу кеңістігі.

Студенттер

— Жастар мен студенттер үшін peer-to-peer үлгісі бойынша жұмыс істейтін алғашқы жасанды интеллект мектебі — Tomorrow School ашылды. Мұнда тәжірибеге, топпен жұмыс істеуге және сыни ойлауды дамытуға баса назар аударылады. Бағдарлама тегін және екі жылға есептелген. Қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Оқу барысында студенттер ЖИ мен IT-әзірлемеде сұранысқа ие заманауи бағдарламалау тілдерін — Golang, JavaScript, Python және Rust меңгереді.

Мемлекеттік қызметшілер

— AI Qyzmet — мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік басқаруға арналған бағдарлама. Ол жасанды интеллектіні тек түсініп қана қоймай, қоғам игілігі үшін этикалық әрі тиімді түрде енгізуді үйретеді. Бұл технологиялық әрі икемді мемлекеттік басқаруды құруға қосылатын үлес.

Одан бөлек:

— QazCoders — БАӘ-мен серіктестікте жасалған білім беру бағдарламасы. 2019–2023 жылдары осыған ұқсас жоба Өзбекстан мен Иорданияда табысты жүзеге асырылған. Бағдарлама жас ерекшелігіне қарамастан баршаға қолжетімді, сарапшылар мен ЖИ-ассистент қолдауымен жүргізіледі. Курстар құрамына: бағдарламалаудың негіздері, Android Kotlin-әзірлеу, деректерді талдау және жасанды интеллект енеді.

— Decentrathon — ел бойынша жас мамандарды біріктіріп, оларды болашақтың шешімін жасауға жұмылдыратын ірі мультилокалды жоба. 2024 жылы Decentrathon-ға елдің барлық өңірінен 2500-ден астам адам қатысты. Хакатон қатысушылары ондаған технологиялық шешім әзірледі.

— «Деректерді талдаудың негіздері және Python» — Яндекс Практикумның онлайн-курсы. Тегін оқыту нақты кейстермен бірге, қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

— «Жасанды интеллект негіздері: ChatGPT» — Lerna платформасымен бірлесіп іске қосылған курс. Бұл курс нейрожелілердің мүмкіндіктерін түсінуге, тиімді сұраныстар құра білуге және ЖИ-ді күнделікті және кәсіби өмірде пайдалануға үйретеді. Ол қазақ тіліне нейрожелі көмегімен аударылған.

— AI People — Blockchain & AI Center-пен бірлескен жоба. Форматы — Telegram-курс, яғни геймификация, бейнесабақтар және соңында цифрлық сертификат беріледі.

— Аталған барлық білім беру жобалары туралы ақпарат astanahub.com платформасында және Astana Hub мобильді қосымшасында қолжетімді. Бұл бастамалар жеке дара емес, біртұтас стратегияның құрамдас бөлігі: әрбір қазақстандыққа цифрлық экономиканың бір бөлшегі болуға мүмкіндік беру. Біз тек мамандарды дайындап қоймай, жаңаша ойлауды, цифрлық мәдениетті және технологияға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып жатырмыз, — дейді Astana Hub басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бес жылда 1 млн-ға жуық қазақстандық жасанды интеллектіні меңгереді

Айта кетейік, Қазақстан Chat GPT секілді өз жасанды интеллектін жасап шығармақ. Ақылды жүйе KazLLM деп аталады. 

Сондай-ақ Президент жанындағы Жасанды интеллект жөнінде кеңестің құрамында кімдер болатынын хабарлаған едік

Одан бөлек, жасанды интеллектінің көмегімен қиын жағдайдағы отбасын қолдау тетігі енгізілмек