Оқушылар арасында қаржылық сауаттылық бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 2-6 мамыр аралығында Астана қаласында 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған қаржылық сауаттылық және қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Іріктеу кезеңіне еліміздің барлық өңірінен 46 мыңнан астам оқушы қатысты. Оның нәтижесінде жоғары білім деңгейі мен құзыреттіліктерін көрсеткен ең үздік 144 қатысушы финалға жолдама алды.

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, олимпиада қаржылық сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік саласында терең білім, білік және дағдысы бар дарынды оқушыларды анықтауға, сондай-ақ білім алушылар арасында қаржылық мәдениетті дамытуға және насихаттауға бағытталған.

Олимпиаданың қорытынды кезеңі екі турдан тұрды: жазбаша және ауызша. Тапсырмалар қатысушылардың қаржылық шешім қабылдау кезіндегі сыни ойлау деңгейін, қауіпсіз қаржылық мінез-құлық дағдыларының қалыптасуын, сондай-ақ қаржылық ақпарат көздерімен жұмыс істеу қабілеттерін бағалауға бағытталды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Сонымен қатар қатысушылар қаржы құралдарын тиімді пайдалану және қаржылық тәуекелдерден қорғану бойынша практикалық құзыретін көрсетті.

Олимпиада қорытындысы бойынша 54 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды. I дәрежелі дипломмен 11 қатысушы, II дәрежелі дипломмен 16 қатысушы, III дәрежелі дипломмен 27 қатысушы марапатталды. Сонымен қатар 4 қатысушыға грамота табысталды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Олимпиаданы өткізу оқушылардың қаржылық мәдениетін арттыруға, қаржылық қауіпсіздік негіздерін қалыптастыруға және өмірлік маңызды шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Олимпиаданы Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Ұлттық Банк және Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесіп ұйымдастырды.

Қазақстандық оқушылар экологиялық мәселелерді шешуге арналған суасты роботын жасағанын жазған едік.