Сыныпта қанша оқушы ЖРВИ жұқтырса, қашықтан оқытуға көшеді

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары мектеп оқушылары арасында маусымдық инфекциялардың таралуын тежеу шараларын түсіндірді. Шектеу шаралары сыныптағы науқас оқушылардың үлесіне байланысты енгізіледі.

Фото: pexels

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, күз және қыс мезгілінде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) көбейеді. Ауырған оқушыларға айналасындағыларға жұқтырмас үшін үйде қалу және инфекцияның алғашқы белгілері байқалған кезде дәрігерге қаралу ұсынылады.

Мектептердегі іс-қимыл тәртібі Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 26 тамыздағы № 11-ПГСВ қаулысымен 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға белгіленген.

Құжаттың 3-тармағына сәйкес, мектептер оқушылардың сабаққа қатысуын күн сайын бақылап, сабаққа келмеу себептерін анықтап, «таңертеңгі сүзгі» жүргізуі тиіс. Инфекция белгілері бар балалар сабақтан шеттетіледі. Егер оқушы сабақ кезінде ауырып қалса, ата-анасы келгенге дейін оқшауланады.

ЖРВИ мен тұмау бойынша аурушаңдық өскен кезеңде қосымша шектеу шаралары енгізіледі.

Егер бір сыныптағы оқушылардың 20-30 пайызы ЖРВИ-мен ауырса, олармен байланыста болған оқушылар 7 күнтізбелік күн бойы медициналық бақылауда болады. Сонымен қатар оқу күні ішінде оқушылардың бір кабинеттен екіншісіне ауысуына шектеу қойылады.

Мұндай сыныпқа жаңа оқушыларды қабылдауға соңғы науқас анықталғаннан кейінгі инкубациялық кезең аяқталғанға дейін тыйым салынады.

Ал егер ауырып қалған оқушылардың үлесі сыныптағы жалпы оқушы санының 30 пайызына немесе одан да көп болса, сынып қашықтан оқыту форматына көшіріледі.

Мысалы, сыныпта 30 оқушы болса, қашықтан оқытуға көшіру үшін кемінде 9 оқушының ЖРВИ-мен ауыруы жеткілікті.

Айта кетейік, Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Халықты тегін вакцинациялау үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынды.