Оқушылар мен сарбаздарды жылқы етімен тамақтандыру керек - депутат

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жылқы етін экспорттау мен терең өңдеуді дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдау керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай мәлім етті.

- Жылқы - мінсек көлігіміз, ішсек сусынымыз, дастарханымыздың берекесі, қазанымыздың құты еді. Өкінішке қарай, қара базарлар мен көрші елдерге арзан бағаға сатудан басқа жылқыны пайда көзіне айналдырудың жолы табылмай отыр. Балабақшалар мен мектептерді, әскерді, өндіріс орындарындағы жұмысшыларды жылқы етімен қамтамасыз ету – халықтың денсаулығын реттеудегі аса маңызды қадам болар еді. Рационды әртараптандырудың (оның ішінде ұлттық тағамдарды енгізудің) нормативтік мүмкіндігі болғанымен, жылқы еті көптеген тапсырыс берушілердің үлгілік тізбелері мен сатып алу ас мәзірлері әдістемелерінде бекітілмеген. Жылқы етіне қатысты бірыңғай техникалық карталар, сапа критерийлері жоқ. Жылқы өнімдерін тікелей шаруадан кооперативтік жүйеде сатып алу мүлде реттелмеген, - деді А. Әлтай Премьер-министрінің орынбасары С. Жұманғариннің атына жолдаған сауалында.

- Мемлекеттік сатып алулардың үлгілік тізбелерінде және техникалық талаптарында жылқы етін жеке позиция ретінде бекітуді, сондай-ақ жылқы етін экспорттау мен терең өңдеуді дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауыңызды сұраймын, - деді депутат.

Осы орайда, жоғарыда баяндалғандарды негізге ала отырып, мына ұсыныстар жасалды:

1. Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктеріне - мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер, колледждер, медицина ұйымдарына арналған үлгілік тізімдерге және әдістемелік ұсынымдарға жылқы етін енгізу;

2. Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі және өзге де күштік құрылымдар азық-түлік нормаларын түзету мүмкіндігін қарастырып, сарбаздарды жылқы етімен тамақтандыру мүмкіндігін қарастыру;

3. Сауда министрлігі мен пилоттық өңірлердің әкімдіктеріне - әлеуметтік нысандардың сатып алуларында «қызыл еттің» кемінде 25-30%-ын жылқы етіне алмастыруды көздейтін 12 айлық пилотты іске қосу;

4. Ауыл шаруашылығы министрлігіне – фермер-жылқышылардан азық-түлік корпорациясы арқылы тікелей сатып алу тетігін әзірлеу.

5. Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі уәкілетті органға – жылқы етін сатып алуға арналған үлгілік техникалық тапсырмаларды әзірлеу.

Бұған дейін хабарланғандай, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жылқы еті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қатарына енуі мүмкін екенін айтты.