Оқушылардың мінез-құлық мәдениеті жаңа KPI арқылы бағаланады – Жұлдыз Сүлейменова

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде оқушылардың мінез-құлық мәдениеті, айналадағыларға құрметі және қарым-қатынас дағдылары жаңа негізгі көрсеткіштер жүйесі – KPI арқылы бағаланады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясында мәлімдеді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Министрдің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы жаңа этикалық бағдарларды қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы тәрбие жұмысының маңызды бағытына айналады.

Мінез-құлық нормалары мен қоғамдық мәдениет «Адал азамат» бағдарламасы аясында балабақшадан бастап мектеп бітіргенше жүйелі түрде қалыптастырылмақ.

– Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға арнайы сабақтар өткізіледі. Жүріс-тұрыс мәдениеті, айналаға құрмет көрсету және қарым-қатынас дағдыларын дамыту – жаңа KPI бөлігіне айналады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен бірге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да басымдық беріледі. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 2026 жылдың соңына дейін экологиялық ағарту жұмыстарының бірыңғай стандарты енгізіледі.

Ал «Жасыл мектеп» жобасы балалардың табиғатқа және жалпы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталады.

Министр бала қауіпсіздігі мен оның психологиялық әл-ауқаты – білім беру жүйесінің басты басымдығы екенін атап өтті.

– Бірінші жартыжылдықта жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4 пайызға төмендеген. Ал есепте тұрған балалардың саны 40,5 пайызға азайған. Біздің міндетіміз – білім беріп қана қоймай, құндылықтарды қалыптастыратын және әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мектеп құру, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.

Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі салынған.

Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.

Сондай-ақ Жаңа Конституция білім беру саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр.