Оқушыларға қандай медициналық көмек тегін көрсетіледі

Фото: Астана әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Оқу жылы басталғалы бері ата-аналар балаларына қандай тегін медициналық қызметтер көрсетілетінін білгісі келеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бұл сұраққа жауап берді. 

Оқушылар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылған, яғни олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Сондықтан балалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінде де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында да барлық қажетті медициналық қызметтерді ала алады.

Оқушыларға мектеп медицинасы, стоматологиялық қызметтер, дәрігерлердің консультациялары, зертханалық талдаулар, құрал-жабдық диагностикасы (УДЗ, рентген, КТ, МРТ және т.б.), күндізгі стационар, тәулік бойғы стационар, оңалту қызметтері, аурулардың тізімі бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді.

«Мектеп медицинасы» деген не?

Бұл – білім беру ұйымдарында мектеп және мектепке дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық көмек. Оған балалардың денсаулығын қорғау мен нығайту, аурулардың алдын алу және олардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылау кіреді. 

Мектеп медицинасына:

– Алдын ала медициналық қарауларды жүргізу;

– Оқу және демалыс уақытындағы сауықтыру іс-шаралары;

– Аурулардың алдын алу;

– Денсаулықты нығайту және дұрыс тамақтануды насихаттау;

– Репродуктивті денсаулықты қорғау;

– Психикалық денсаулықты қорғау, суицид, темекі шегу, есірткі мен улы заттарға әуестік, ойынға тәуелділіктің алдын алу;

– Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцинация жүргізу;

– Алдын ала қараулар нәтижесі бойынша оқушыларды терең медициналық тексеруге жолдау;

– Санитарлық ережелерді сақтау жатады. 

Бұл қызметтер мектеп орналасқан аумақтағы емхана арқылы көрсетіледі. Мектептердегі медициналық қызметкерлер оқу жылы барысында балаларды бақылап, уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

– Кейде бізге ата-аналардан балаларын рұқсатсыз басқа медициналық ұйымға тіркеп қойғаны туралы шағымдар түседі. Мұндай пікірдің пайда болуына жүйеде баланың басқа емханадан медициналық қызмет алғаны туралы ақпараттың көрінуі. Алайда іс жүзінде бұл қызметті баланың оқып жатқан мектебі қарайтын емхана көрсеткен, - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.

Естеріңізге салайық, Президент Денсаулық сақтау министріне міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді етуді тапсырған еді.