Оқушыны мектеп әжетханасында ұрған: полиция қылмыстық іс қозғады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде оқушыны жасөспірімдер жабылып ұрған. Мектеп әжетханасының ішінде болған оқиға бейнекамераға түсіп қалды. Желіде тараған видео көпшілік арасында қызу талқыланды.
Ондағы ақпаратқа сенсек, оқушыны ұрып-соғу дерегі 8 қазан күні таңертеңгі уақытта тіркелген. Денсаулығына зақым келген жәбірленуші жергілікті ауруханаға жеткізіліп, оған ота жасалған.
Kazinform тілшісінің ресми сауалына байланысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
– Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде кәмелетке толмағандар ұсталып, полицияға жеткізілді. Сондай-ақ кінәлі жасөспірімдердің заңды өкілдері бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапқа тартылатынын еске салғым келеді, - деді департамент бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев.
Ведомство өкілі қылмыстық істі тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Қосымша шара қабылдау және осындай мінез-құлыққа ықпал ететін себептерді жою үшін полиция әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға ұсыныс жолдаған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырау қаласындағы аулалардың бірінде 9 жастағы жасөспірімге қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.