Оқушы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде апатқа ұшыраған ұшақты тауып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Данияның солтүстігіндегі Биркелсе елді мекенінде 14 жастағы оқушы Даниэль Кристиансен тарих пәнінен үй тапсырмасы бойынша артефактілер іздеу барысында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі неміс жойғыш ұшағының қалдығын тапты.

 Бұл туралы CNN арнасы хабарлады.

«Біз алқапқа металл іздеушімен шықтық. Бірнеше ескі тақтайшалар тапсақ екен деген үмітте болатынбыз», - деді Даниэльдің әкесі Клаус.

Messerschmitt  фирмасы құрастырған ұшақтың бірнеше жарықшақтарын алғаннан соң, оның қалған бөлігін іздеу үшін экскаватор жалдаған Кристиансендер ұшқыштың сүйегін тапты. «Алғашында батпақ арасынан металл сынықтарын, содан кейін ойламаған жерден адам сүйегі мен киім қалдықтарын кездестірдік», - деді Клаус Кристиансен. Ол ұшақтың шамамен 1944 жылы құлауы мүмкін екенін атап өтті.

Солтүстік Ютландияның тарихи музейі ұшақ қалдықтарын зерттеумен айналысып жатыр, олар жақын арада ұшқыштың аты-жөнін анықтауы мүмкін.

Жергілікті полиция табылған олжа туралы ГФР елшілігіне хабар берді.