ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда 10-сынып оқушысы айдаған автокөлік ағашқа соғылып, 1,5 жасар қыз жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 16 шілде күні сағат 21.00-де М.Мәметова көшесінде болды.
«16 жасар 10-сынып оқушысы «ВАЗ-2170 Лада Приора« автокөлігінің руліне ие бола алмай, ағашқа барып соғылған. Жол апаты салдарынан жасөспірім облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлер қарағаннан кейін үйіне жіберілді. Медициналық куәландыруға сәйкес ол ішімдік ішпеген. Жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған кішкентай қыз бала сол аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерінің мас күйінде ұсталып, 15 тәулікке қамалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).