ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оқушыға сексуалдық сипаттағы азғындық әрекеттер жасаған 23 жастағы Орал тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қолға түскен ер адам кінәсін мойындап, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
БҚО полиция департаменті мәлім еткендей, оқиға тамыз айының ортасында қаладағы су қоймаларының бірінің маңында болған. 14 жасар қыздың анасы 3 қыркүйек күні полицияға шағым түсірген. Күдікті сол бойда анықталып, ұсталды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 124-бабы 1-бөліміне (көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге айырыла отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да суретшіге көмектесіп жүрген волонтердің токка түсіп, қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).