Музейдегі педагогикалық орталықтың жетекшісі Рауза Қазбекованың айтуынша, конкурсқа жалпы саны 48 мектеп қатысуға өтініш берген екен. «Өтініш берген 48 ұжым болса, сол мектептер арасында 18 ұжым іріктеуден өтті. Барлығы 100-ге тарта оқушы қатысуда. Конкурстың үшінші номинациясы ретінде балалардың өздері жазған өлеңдерін тыңдайық дедік. Осы номинация бойынша балалар бірталай өлең жазған»,-дейді Р.Қазбекова. Оның айтуынша, конкурстың негізгі мақсаты Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың әндері мен Елбасына арналған әндерді жастар арасында насихаттай түсу. Жалпы, жарыс 1 қарашадан басталған. Іріктеуден өткен жүзге тарта оқушы «Бабамнан қалған кең далам», «Президенттің сүйікті әндерінің ырғағымен ән салу», «Патриоттық тақырыптағы авторлық шығармалар» атты үш номинация бойынша өнер көрсетті.
17:45, 26 Қараша 2015
Оқушылар арасында «Көңілдің асыл пернесі: Н.Назарбаевтың ән шығармашылығы» атты конкурс өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда оқушылары арасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Көңілдің асыл пернесі: Н.Назарбаевтың ән шығармашылығы» атты конкурс жүлдегерлері марапатталды. Конкурсты ұйымдастыруға ҚР Тұңғыш Президенті Музейі мен М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайы ұйытқы болған.