Оқушылар да, ұстаздар да Мұқағали өлеңдерін оқыды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы №38 қазақ мектеп-лицейде қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби кеш болып өтті. Бұл ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған болатын.

Мәдени іс-шара ақынның өмірбаяны мен шығармашылық жолында қол жеткізген табыстары туралы шағын бейнетаспаны тамашалаудан басталды.

Ақиық ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды. 6 және 7 сынып оқушыларының атсалысуымен М.Мақатаевтың дастаны бойынша көрініс көрсетілді. Ал 6 және 10, 11 сынып оқушылары ақынның жырларын мәнерлеп оқып берді. Хантәңірінің мұзбалағы атанған ақынның өміршең өлеңдерін білім ордасының бірқатар ұстаздары да оқып, әдеби кешті тамашалауға жиналғандардың қошеметіне бөленді.

Кеш соңында №38 мектеп-лицейдің бастауыш сыныптар оқу ісінің меңгерушісі және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Шынар Қаржаубайқызы сөз сөйлеп, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде мұндай поэзия кешінің маңыздылығын атап өтті. Біліммен бірге рухани байлықты азық еткен оқушылар ел сенімін ақтайтын азаматтар болып қалыптасатыны анық.

«Мұқағали Мақатаев өз өлеңінде үш бақытым бар деп айтқандай, бірінші бақытым халқым десе, бүгінде туған халқы оны еске алып, рухына тағзым етуде. «Ал екінші бақытым - Тілім менің» дегеніндей, ана тіліміз мәңгілік тіл болып жатыр. Ақын туған Отанын үшінші бақытым деп атағаны белгілі. Міне, бүгінгі таңда біздің Отанымыз - Қазақ елі жылдан жылға дамып, әлемдік қоғамдастықта лайықты орнын алып отыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы - осы біздің оқушылар. Елімізді алға бастыратындар да сіздерсіздер»,- деді Шынар Қаржаубайқызы.

Бұл шараны ұстаздармен, оқушылармен бірлесе отырып, мектеп әкімшілігі ұйымдастырды.

Айта кету керек, Жамал Базарқұлқызы Қасымбек басшылық жасайтын ұжымда тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейді. Дарынды балалармен жұмыс істеу ісі өте жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар 5-сыныптан бастап 11-сыныптың аралығындағы оқушылар ғылыми жұмыстармен айналысады. Білім берумен қатар оқушылардың рухани байлығын арттыру мақсатында осындай әдеби-мәдени кештер де жиі өтіп тұрады.