Оқушылар гаджетті мұғалімдерден артық біледі - Бақытжан Сағынтаев

АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі оқушылар гаджеттерді мұғалімдерден артық білетінін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біз мұнда ақпараттандыру туралы көп айтамыз. Еліміздегі мектеп бағдарламасына қарасақ, ақпараттандыруды меңгеру жетінші сыныпта басталады. Бәрінің баласы бар, немересі бар. Байқасаңыздар, олар екі жасында-ақ, iPad-пен отырады. Ал біз оларды жетінші сыныпта ғана оқыта бастаймыз. Жетінші сыныпта олар мұғалімдерінен артық біліп отырады. Сондықтан, тұтас жүйені ауыстыруымыз қажет. Бұл ортаны өзгертпейінше, ешқандай табысқа жетпейміз», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІV Съезінде.

Үкімет басшысының айтуынша, ол үшін дамыған елдердің тәжірибесін зерттеу керек.

«Біз халықаралық тәжірибені, Кремний алқабын зерттеп жатырмыз. Беларусь пен Қазан технопарктерін мұқият зерделедік. Қазір өзімізде пост-EXPO негізінде халықаралық стартап-хаб құрудамыз. Онда біздің инновациялық орталықтар жұмыс істейді. Алматыдағы инновациялық технологиялар паркі де толығымен қайта қаралады, оның тұжырымдамасы қайта жасалды. Бұл жөнінде жұмыс істеп жатырмыз, жақында жаңа бағдарлама қабылданады. Біз әлемде болып жатқан өзгерістерге қол қусырып, қарап отыра алмаймыз және қолданушы болып қала алмаймыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.