Оқушылардың қазiргi заманға сай бiлiм алуларына барлық жағдайлар жасалуда - Б. Сапарбаев (ФОТО)
«Бүгiн - Сiздердiң өмiрлерiңiзде тарихи, ерекше күн. Он бiр жыл оқыған мектептерiңiзбен, өздерiңiздiң мұғалiмдерiңiзбен қоштасып, үлкен жаңа өмiрге жол басасыздар. Абайдың сөзi бар: «Сен де бiр кiрпiш дүниеге, тетiгiн тап та бар қалан». Ата-аналарыңыз, мұғалiмдерiңiз, мемлекет Сiздер жақсы тәрбие мен бiлiм алсын деп барлық жағдайлар жасауда. Қазақстанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бiлiмге қандай жағдай жасалып жатқанын өздерiңiз бiлесiздер. Бұның барлығы Сiздер басқа мемлекеттiң азаматтары сияқты қазiргi заманның талабына сай бiлiм алсын, ертең барлықтарыңыз Қазақстанның үлкен азаматтары болсын, Қазақстанның дамуына өз үлестерiн қоссын деген ниетпен жасалып жатыр. Басқа мемлекеттерде жоқ «Болашақ» бағдарламасы да сiздерге арналған. Сiздер қазiргi таңда өздерiңiздiң бiлiмдерiңiзге сай дүниежүзiнiң ең мықты деген жоғары оқу орындарында мемлекеттiң есебiнен бiлiм алуға мүмкiндiктерiңiз бар», - дедi вице-премьер Астана қаласының №3 мектеп-гимназиясының салтанатты шарасында.
Сөз барысында Б. Сапарбаев Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң биыл өзгерiске ұшырағанын да тiлге тиек еттi.
«Ертең Сiздер барлықтарыңыз Бiрыңғай ұлттық тестiлеуге қатысасыздар. Биылғы жылы оған бiраз өзгерiстер енгiзiлдi. Бұл да Сiздердiң ең бiрiншi емтихандарыңыз. Ары қарай жоғары оқу орындарына түсiп, Қазақстанның дамуына, өркендеуiне өздерiңiздiң үлестерiңiздi қосыңыздар», - деп түйдi сөзiн ол.