ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында мектеп оқушысы жасаған жол-көлік апатынан зардап шеккен қыз ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, оқиға 20 сәуір күні кешкісін аудан орталығы Жаңақала ауылы маңында болды.
Ауылдағы №3 орта мектептің 11-сынып оқушысы «Лада Ларгус» автокөлігін айдап кетіп, сыныптастарымен қызғалдақ теруге барған. Қайтар жолда рульге ие бола алмай, көлік аударылып қалған.
Көліктің ішінде болған 17 жастағы қыз аса ауыр жарақат алған еді.
«Қаладан үш рет санавиация шақыртылды. Дәрігерлер өмірін сақтап қалуға қаншама тырысқанымен, кеше сағат 16.14-те қыздың демі үзілді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынова.
Бұл - Жаңақалада орын алып отырған бірінші оқиға емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын жүргізуші куәлігі жоқ бозбала автокөлігімен өрімдей үш қызды қағып кеткен еді. Соның екеуі ажал құшса, біреуі ауыр жарақат алған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).