Оқушылардың жартысы мектеп асханасына барғысы келмейді - Ерлан Каналимов

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық мәслихаты хатшысы Ерлан Каналимов мектеп асханасындағы ас мәзіріне қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мектептегі бастауыш, орта, жоғары сыныптар арасында жасырын сауалнама жүргіздік. Балалардың жартысы мектеп асханасына барғысы келмейді. Сондықтан күн сайын ата-анасынан ақша сұрайды. Өйткені әр күні бірдей тағамдар беріледі, яғни суға піскен макаронды, дәмсіз күрішті алдарына қояды. Атап айтқанда, бұл жағдай кейбір мектептерде кездесетіні расталып отыр. Бұл туралы бақылау топтары, комиссиялар, ата-аналар комитеттері де айтып жатқан шығар. Балалардың қарны тоқ болғанын қалаймыз ғой. Сондықтан тамақтандыру ақысын 585 теңгеге дейін (бір баланы тамақтандыруға күн сайын берілетін қаражат) көтеріп жатырмыз. Бұл да қолдау ғой? Осы орайда бөлінген қаржыға қарай балаларға барынша пайдасы болуы тиіс», - деді Ерлан Каналимов елордадағы әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, былтыр аумағында дүкендері бар 17 білім беру нысаны тіркелген.

«Мектеп жанындағы дүкендер балаларға зиян тәттілер мен сусындар сатады. Бұл мәселеге біржола нүкте қою керек. Мектептер табыс жасайтын орын емес, бұл жерде білім беру керек», - деді мәслихат хатшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр желтоқсан айында Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы бастауыш сыныптарға берілетін тегін тамақтың сапасы төмендеп кеткенін мәлімдеген еді.