Оқырмандар арасында «Әбіш әлемі» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы болып өтті

АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ - Астана қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Әбіш әлемі» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл байқауға қаладағы кітапханалардың оқырмандары қатысты. Оның ішінде бірқатар мектеп, гимназиялардың оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттері де бар.

Байқауда мектеп оқушылары мен студенттер Әбіш Кекілбайұлының прозалық шығармаларынан үзінді оқып берді. Бірнеше аудармаларын және бұрын жарық көрмеген өлеңдерін де оқыды. Қатысушылар негізінен Әбіш Кекілбайұлының жастық шақта жазған өлеңдерін топтастырған «Дүние ғапыл» кітабында жарияланған өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Өмір, қоғам жайлы терең толғанатын ақын Әбіш жас кезінде-ақ «Бұл дүниенің ғапылын мол аңғардым» деп жазған екен. Осы күні оқырмандар кемеңгер жазушының ақындық қырымен жақынырақ танысты.

Байқау қорытындысында №40 мектептің оқушылары Абылайхан Оразәлиев пен Мәдина Жақыпова бірінші орынды жеңіп алды. Олар Әбіш Кекілбайұлының аудармалары ішінен «Ромео мен Джулета» дастанынан үзіндіні сахнаға шығарды. «Махаббат мұнарасы» туындысынан үзіндіні шебер оқыған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ІІІ курс студенті Оразгүл Мақсұтова екінші орынға ие болды. Бала Әбіштің рөлінде ойнаған №37 мектептің шәкірті Айбек Мұхамбетқалиға үшінші жүлде табыс етілді.

Бірқатар шәкірттерге ынталандыру сыйлықтары берілді. Сонымен қатар көркем шығарманы оқуда өз ынталарын білдірген оқушыларға белсенді оқырмандар сыйлығы табыс етілді.

6 жасар Жанерке Жақсылық жазушының «Аю мен дәрі» атты мысалын жатқа оқып берді. Қазылар алқасы Жанеркені арнайы сыйлықпен марапаттап, болашақта рухани байлыққа кенеле беруіне тілек білдірді.

Осы шараны ұйымдастырған «Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры, қазылар алқасының төрағасы Сапарғали Медеубеков осы байқауға жиырмадан астам талапкер қатысқанын айтты. «Әбіш Кекілбайұлының 70 жасқа толуы қарсаңында осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Астана қалалық әкімдігі мен мәдениет басқармасының тапсырмасы бар. «Барша қазақтың Әбіші» атты көрме ұйымдастырылды. Бізге қарасты барлық кітапханаларда да осындай тақырыппен көрме жасалып отыр. Енді астаналық мектептерде де заманымыздың әйгілі қаламгерінің мерейтойы құрметіне әдеби кештер өткізіледі. Мектептердегі көрмелердің ұйымдастырылуына біздер атсалысамыз. Әбіш шығармаларын нақышына келтіріп оқыған, образға кіріп, жазушы кейіпкерлерін сахналай білген талапкерлерге сый-сияпат жасап, жүлделермен марапаттадық»,- деді Сапарғали Медеубеков.