«Оқжетпес» ФК бас директоры: Андрей Карповичке үлкен міндеттер жүктеліп отыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубына бас жаттықтырушы болып тағайындалған Андрей Карпович БАҚ құралдарына таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқжетпес» футбол клубының директоры Ерлан Бөтембаевтың айтуынша, команда алдағы маусымда премьер-лигада жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздеп отыр.

«Бүгін біздің командада үлкен оқиға болып отыр. Ол Андрей Карповичтің бас жаттықтырушы болып тағайындалуы. Жаттықтырушы ретінде тәжірибесі аз болғанымен Андрейдің жетістіктері өте зор. Өткен жылы «Қайраттың» сапында бас жаттықтырушының міндетін атқарушы ретінде Қазақстан кубогін иеленді. Ал, «Қайрат» сапында әлсіз ойыншылар ойнамайды. Сондықтан, жаңа бас жаттықтырушыға үлкен міндеттер жүктеліп отыр», - дейді Ерлан Бөтембаев.

Сонымен қатар, бас директор премьер-лига маусымында команданың құрамының жаңартылу себептерін түсіндірді.

«Бірінші лигамен премьер-лиганы мүлдем салыстыруға болмайды. Бұл екеуі екі деңгей. Өткен жылғы жаттықтырушы Сергей Попковты нашар маман деп айта алмаймыз. Онымен келісімшартымыз аяқталды. Алайда, былтырғы жылғы жетістікпен тоқмейілсіп қалмай, жаңа биіктіктерді бағындыруымыз керек. Сол үшін жаңа ойыншыларды шақыратын боламыз», - деп толықтырды Ерлан Бөтембаев.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай Андрей Карпович Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубының бас жаттықтырушысы болып тағайындалған болатын.