«Оқжетпес» ФК басшылығы Андрей Карповичпен келісім мерзімін ұзартты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі, облыстық футбол федерациясының президенті Ермек Маржықпаев «Оқжетпес» футбол клубының басшылығы және негізгі команданың бас жаттықтырушысымен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат команданың әлеуметтік желідегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуде аймақ басшысы команданың бас жаттықтырушысы Андрей Владимировичпен одан әрі жұмыс істей беретіндігі туралы айтты. Сонымен қатар, команданың алдағы маусымдағы жоспарлары мен міндеттері, өңірде әйелдер мен балалар футболын дамыту перспективалары талқыланды.

Кездесу соңында аймақ басшысы «Оқжетпес» футбол клубына алдағы маусымда табысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске жете берулеріне тілектестік білдірді.

Айта кету керек, биылғы маусымда футболдан ҚР Премьер-лигасында тартымды кездесулер өткізген «Оқжетпес» командасы турнир кестесінің 7-орнынан көрінді.