«Оқжетпестің» спорт директоры Федор Симинидидің айтуынша, футболшылар үш дүркін ел чемпиондарына табанды қарсылық көрсетуге әзір тұр. Алайда команданың психологиялық күйі бабында болмағандықтан, бұл маусымда жеңілістен көз ашпай келеді. «Екі ай бойы жеңістің тәтті дәмін татпаған команданың көңіл күйі де түсіп кеткен. Ал бүгін команда жақсы ойын өрнегін көрсетуі үшін психотренинг өткізуге шешім қабылдап, Спорттық медицина және допингке қарсы бақылау департаментінің директоры Игорь Мельниковты шақырдық. Ол шетелдерде көп тәжірибе жинақтаған. Футболшылармен әңгімелесіп, рухын көтерді, оларды қызықты ойынға, жеңіске деген сенімін арттырды», - деді Федор Симиниди.
Медицина ғылымдарының кандидаты Игорь Мельниковтің айтуына қарағанда, мұндай жаттығуларды үзбей өткізіп отыру керек. Өйткені, спортшының психологиялық күйі жарыс немесе айқас кезінде, додаға түскенде шешуші мәнге ие. Осы бағытта Қазақстанда да соңғы кездері айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. «Қазақстан Үкіметі спорт медицинасына да ерекше мән бере бастады. Қазір департаменттің алдында спортшылардың тамақтануы, медикаменттер және спорт дәрігерлері мен психологтарын дайындау ісінде біршама алға жылжу байқалады», - дейді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстан Премьер-лигасының 24-туры аясындағы кейінге қалдырылған кездесуде «Астана» - «Окжетпес» матчы бүгін, сағат 19:00-де «Астана Арена» стадионында өтеді.