«Оқжетпес» пен «Қайрат» арасындағы ойын кейінге шегерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетаулық «Оқжетпес» пен «Қайрат» футбол клубының арасындағы матч алматылық команданың еурокубок бәсекесіне қатысуына байланысты кейінгі уақытқа ауыстырылды.
24 тамыз күні өтуі тиіс болған ойын қос тараптың келісімімен 31 тамыз күніне шегерілді.
ҚПЛ күнтізбесіндегі кестені басқа күнге қоюдың басты себебі, «Қайрат» 26 тамыз күні Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтикке» қарсы қарымта ойынын өткізеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасынан қос ойын қорытындысы бойынша басым түскен болатын. Осылайша алматылық ұжым Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына жолдама алды.
Ал, елордалық «Астана» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Швейцарияның «Лозанна» командасынан жеңіліп, жарысты жарты жолдан аяқтады.