Ольга Рыпакова - Олимпиада чемпионы, Қазақстан қоржынында 6-шы алтын
02:03, 06 Тамыз 2012
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Лондон Олимпиадасында үш секіріп қарғудан жарыс жолына шыққан спортшымыз Ольга Рыпакова алдына жан салмады. Қазақстан қоржынында 6-шы алтын, Ольга Рыпакова - Олимпиада чемпионы.
Үш секіріп қарғудың үшінші мүмкіндігінде біздің спортшы 14,98 метрге қарғып, бірінші орынға шықты. Ал соңғы 3 мүмкіншілікте жарыс жолына шыққан 8 спортшының ешқайсысы да Ольганың нәтижесін қайталай алмады.
Айта кетейік, Ольга Рыпакова ағымдағы жылы Нью-Йоркте өткен «Брилиантты лиганың» алтыншы кезеңінде бірінші талпыныстан-ақ 14,71 метрге секіріп, рекорд жаңартып, алтын медаль иеленген болатын. Сонымен қатар Ольга осы лиганың Дохада өткен бастапқы кезеңінде де 14,33 метр нәтижемен «алтын» олжалаған-ды.