Ольга Терёнова: Мұғалім - бала арманын орындауға көмектесетін басты тұлға

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мұғалім-баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын орындауға көмектесетін басты тұлға. Мұндай пікірді ҚазАқпарат тілшісіне білім беру саласына 40 жылдан астам уақытын арнаған тәжірбиелі ұстаз Ольга Терёнова айтты.

- Ольга Викторқызы, өзіңіз туралы айтып берсеңіз ?

- Менің Қазақстанға қоныс аударғаныма биыл 48 жыл толды. Сонау 1973 жылы, Алматыға жолдамамен келген едім. Мен Ресейдің Лебедянь қаласындағы педагогикалық училищеде оқыдым. Бізге жолдама берген физика пәнінің мұғалімі: «Сіздер халқы мейірімді әрі қонақжай елге аттанып барасыздар. Ол жақ ұнайтын болады» деген расында айтқаны келді, кең байтақ Қазақстан бізді баурап алды!

Алматыға келген күнім әлі есімде. Поезд «Алматы-2» вокзалына келіп тоқтап, есіктері ашылғанда Іле Алатауының қарлы шыңын көрдім. Сондай керемет көрініс. Ұзақ уақыт бойы көз алмай қарап тұрдым. Мен Оңтүстік Сахалинск қаласында дүниеге келдім. Курил аралдарында, Тынық мұхитында, Байкалда болдым, бірақ қарлы шыңды көруім бірінші рет. Алғашқы жарқын әсер әлі күнге дейін ұмытылған жоқ.

Менің үлкен отбасым Ресейде қалды. Мен ата – анамды, ағаларым мен әпкелерімді қатты сағынатынмын. Ол кезде небәрі 17 жаста едім, бірақ еліме қайтам деген ой болған жоқ. Менің еңбек жолым осылай басталды.

Жоғары білімді осында, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде алдым. Еңбек жолымды Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты шағын ауылдық мектептен бастадым. Бүгінгі күні Алматы қаласындағы №79 гимназияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін.

Еңбегім еленіп, кейін «Халықаралық білім көшбасшысы», Михаил Шолохов атындағы медалімен марапатталдым.

- Қазіргі қоғамда мұғалімнің рөлі қандай ?

- Ұстаздың қоғамдағы орны ерекше. Мұғалім-баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын орындауға көмектесетін басты тұлға. Мен мұғалім болуды кішкентай кезімнен армандадым. Бес жасымда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан атам Тихонға сабақ беріп « мектеп ойнауды» жақсы көретінмін. Педагог мамандығын таңдауға деген ықылас сол кезде пайда болды. Мен мамандық таңдауда қателеспедім.

- Сіздің ойыңызша, мұғалім қандай ерекше қасиеттерге ие болуы керек ?

- ХХІ ғасыр - ақпараттық технологиялар мен цифрландырудың дамыған кезі. Қазіргі уақытта мұғалім керек пе деген ойлар жиі айтылып жүр. Бұл дұрыс емес. Мұғалім мамандығына деген сұраныс қашанда жоғары.

Мұғалім - жаны таза, жүрегі мейірімге толы адам. Кез- келген адам ұстаз бола алмайды. Бұл үнемі ізденіс пен төзімділікті қажет ететін мамандық. Оқушылар әрқашан мұғалімнің қайырымдылығын, жауапкершілігін, әділдігін бағалайды. Адамгершілік бәрінен жоғары тұрады.

Менің басты мақсатым- оқушыларыма толыққанды білім беру және адамгершілікке тәрбиелеу. Әрқашан алға ұмтылуға үйрету. Менің оқушыларым әдебиетті түсіну - жалпы адамзат құндылықтары әлеміне саяхаттау екенін біледі. Сондықтан оқушыларыма әлем классиктерінің шығармаларын оқуға жиі кеңес беремін.

Шәкірттеріме А. Сент-Экзюперидің «Адам болу-өз жауапкершілігіңді сезіну» деген сөзін жиі еске саламын. Біз балалармен осындай болуға тырысамыз.

- Оқушыларыңыз туралы айтып беріңізші ?

- Мен ондаған шәкірт тәрбиеледім. Алғашқы шәкірттерім шетел асып кетті. Олармен «Одноклассники» чатында сөйлесіп тұрамын. Олар Алманияда, Ресейде тұрады. Әркім сүйікті ісімен айналысады, отбасы бар. Мектептегі қызықты күндерді естеріне жиі алады.

Бір сөзбен айтқанда, шәкірттеріммен мақтанамын. Олардың бойындағы адамгершілік қасиеттерін байқадым. Бұл- ұстаз үшін үлкен бақыт. Әрқайсысы өз жолдарын тауып, бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

Қазіргі оқушыларым да осал емес. Түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалардан жүлделі орын алып жүр. Білімге деген құштарлығы зор.

- Әріптестеріңізге қандай тілек айқыңыз келеді ?

- Мен барша қазақстандық әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Жаңа шығармашылық идеялар, қуанышты жеңістер мен шабыт, көптеген жарқын және бақытты күндер тілеймін.

- Әңгімеңізге рақмет!