Қоғам белсенділері Геолог ықшамауданындағы аумақты аралап, егілген ағаштардың жағдайымен танысты. Олардың айтуынша, мұнда 9300-ден астам тал отырғызылғанымен, кейбір көшеттер қурап қалған.
— Бұл жерде талдарға күтім өте төмен. Өліп қалған талдар көп. Өліп қалса да оны суарып жатыр. Мұны тоқтату керек. Президенттің суды үнемдеу туралы тапсырмасы бар. Бұл жерде бақылау болуы керек. Арамшөптің бәрін құрту қажет. Мұнда агроном керек, — деді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Руслан Күмісқалиев.
Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, аумақта үйеңкі, акация, робиния, қарағаш, сондай-ақ шамамен 600 өрік және 600 алма ағашы бар. Қазір мұнда шөп шабу жұмысы жүргізіліп жатыр. Күзде ағаштарды өңдеп, тыңайтқыш себу жоспарланған.
Мердігер өкілі арамшөптің болуы ағаштарға міндетті түрде кері әсер етеді деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, шөп топырақты көлеңкелеп, ылғалдың сақталуына ықпал етеді. Шабылған шөптің тамыры кейін шіріп, гумусқа айналады.
— Біз тамшылатып суару жүйесін қолданамыз. Бір ағашқа сағатына шамамен 80 литр су беріледі. Ал шөп табиғи көлеңке қалыптастырады. Оны шапқан кезде тамыры топырақта қалады. Уақыт өте келе тамырлар шіріп, гумусқа айналады. Бұл топырақтың құнарлы қабатын қалыптастырып, эрозияның алдын алуға көмектеседі, — деді мердігер мекеме өкілі Дамир Тазабеков.
Айта кетейік, әкімдік пен «Теңізшевройл» арасында жасалған меморандум аясында осы аумаққа егілген ағаштарды мердігер компания 2028 жылға дейін күтіп-баптауға тиіс.
«Теңізшевройл» өкілінің айтуынша, келісімшарт бойынша ағаштардың шығымдылығы 100 пайыз болуы керек. Қураған ағаштың барлығы ауыстырылып, орнына жаңасы отырғызылады.
— Мердігер әр өлген талды ауыстырып, жаңа тал егуге міндетті. Бұл жұмыс ағаштар ұйқыға кеткеннен кейін, күзде жүргізіледі. Біз мердігер компанияны жұмыс істеп жатыр деп, бақылаусыз қалдырмаймыз. Ай сайын келіп, тексеріп тұрамыз. Үнемі бақылауда, — деді «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Нұраддин Өмірбаев.
Компания бұдан бөлек Жылыой ауданында да 2022 жылдан бері көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Алайда қуаң жер мен ыстық климатқа байланысты ондағы ағаштардың шығымы төмен болған. «Теңізшевройл» келісімшарт талаптарына сәйкес, қураған ағаштарды мердігер ауыстыруға міндетті екенін атап өтті.
Еске салайық, мамыр айында прокуратура ТШО, NCOC, Ембімұнайгаз және АМӨЗ мен Атырау облысы әкімдігі арасындағы меморандумның орындалуы 0,4 пен 18,5 пайыз аралығында екені мәлімдеді. Компания өкілдерінің бірі көрсеткіштің төмен болуын 2 жыл бұрынғы тасқынмен байланыстырса, екіншісі әкімдік бөліп берген учаскелерге ағаш жерсінбеді деп отыр.