«Оле Бразил Клаб» футбол академиясының жаттықтырушылары Қазақстанның жас футболшыларына шеберлік-сабақтар береді

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат - Сәуірдің алдағы 19-23-і күндері Астанадағы «Астана-Арена» стадионында «Оле Бразил Клаб» (Бразилия, Сан-Пауло) футбол академиясының үздік жаттықтырушылары Қазақстанның жас футболшылары үшін шеберлік-сабақтарын өткізеді.

ҚР Туризм және спорт министрлігінен хабарлағандай, сәуірдің 19-ы күні Астанада «Оле Бразил Клаб» футбол академиясының үздік жаттықтырушысы Фабрисио Морозеттидің жетекшілігімен, 100 жеткіншек футболшы мен елорданың жаттықтырушыларына арналған шеберлік сабақтар басталады. Балалармен сондай-ақ, екі жаттықтырушыдан бөлек, қақпашы жаттықтырушылар да жұмыс істейтін болады.

Іс-шараны сәуірдің 25-і күні Қазақстанда атап өтілетін Футбол күніне орай «К Спортс Маркетинг» компаниясының қолдауымен ҚР Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр. Осыдан 8 жыл бұрын, 2002 жылы Қазақстан УЕФА құрамына енді. Осы күннен бастап елімізде Футбол күні атап өтіледі.

Еске сала кетейік, сәуірдің 26-сы күні елордадағы «Астана-Арена» стадионында 1994 жылы туған жастардың арасында «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Кубогы» үшін ІІІ-ші халықаралық турнир өтеді. Бұған дейінгі екі турнир Алматы қаласында өткен болатын.