Қазақстандық шабандоз 140 см биіктіктегі маршрутта екінші орын алып, жеңімпаздан небәрі 1,97 секундқа қалып қойды.
Preis der Juweliere Banki & Sohn маршрутына барлығы 44 спорттық жұп қатысты. Олег Соколенко мен Cinderella қашықтықты бірде-бір қателіксіз еңсеріп, 63,44 секунд нәтиже көрсетті.
Жарыста Германия өкілі Benjamin Wulschner Kilcannon Emerald атымен 61,47 секунд нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды. Үшінші орынды Felix Haßmann Conthargo PS-пен 64,13 секунд нәтижемен иеленсе, төртінші орын Jörg Oppermann мен Olymp 58 жұбына бұйырды.
Осылайша, үздік төрттіктің үш өкілі Германия атынан өнер көрсеткен бәсекеде Қазақстан шабандозы екінші орынға көтерілді.
Gut Ising турниріндегі нәтиже Олег Соколенконың маусымдағы басты жарысқа дайындығы тұрғысынан да маңызды. Бұл халықаралық турнир спортшының Жапонияда өтетін 2026 жылғы XX Азия ойындары алдындағы Еуропадағы жарыс кезеңін қорытындылайды.
Еске сала кетейік, биыл Қазақстан ат спорты бойынша 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарына қайта оралады.
Осыған дейін Қазақстанның ат спортынан Астанадағы халықаралық турнирлерде 14 медаль жеңіп алғаны туралы жаздық.