Олигархияға тәуелсіз жүйе құру: Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатты бекiту туралы» Үкімет қаулысына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдегі геосаяси жағдайдың нашарлауы, саяси және әскери шиеленістер, санкциялық қақтығыстар, пандемияның салдары әлемнің жаңа саяси және экономикалық географиясын қалыптастыру процесіне түрткі болды. Осының аясында халықаралық институттар әлемдік экономика баяулайды және жаһандық рецессия тәуекелдері туындайды деп болжап отыр. Бұл ретте Қазақстан экономикасында оның дамуын тежеп, әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкелуге қабілетті жүйелі проблемалар сақталып отыр. Дамуға жаңа серпін беру үшін экономикалық саясаттың қағидаттары мен тетіктерін қайтадан ой сүзгісінен өткізу, оның болжамдылығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мақсатында мемлекеттің рөлін айқындау және «ойын қағидаларын» қайта реттеу талап етіледі», - делінген құжатта.

Жаңа экономикалық саясат кірістерді әділ бөле отырып, сол арқылы азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеріп, инклюзивті экономика құруға бағытталған.

«Экономикалық саясаттың мақсаты – ұлттық табыс деңгейінің нақты ұлғаюын қамтамасыз етуге қабілетті орнықты, сапалы және инклюзивті экономикалық өсу. Экономикалық саясатты іске асырудың іргелі шарты заң үстемдігіне жан-жақты кепілдік беру болады. Экономикалық саясат барлық экономикалық агенттер мен азаматтардың әлеуетін барынша ашу үшін әділдік пен мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге бағытталады», - деп жазылған орта мерзімді экономикалық даму жоспарында.

Жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттары:

- жекеменшікке қол сұғуға жол бермеу;

- қабылданатын шешімдердің ашықтығы;

- адал бәсекелестік;

- мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;

- бизнестің салықтық адалдығы;

- кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі болады.

Құжатта жазылғандай, қолға алынатын жобалар аясында мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі жоспарлы түрде қысқарады және қолайлы кәсіпкерлік орта құруға баса назар аударылады.

«Жаңа экономикалық саясат монополияға қарсы заңнама ережелерінің іс жүзінде толық сақталуын қамтамасыз етеді. Экономикалық ынталандырулардың бұрмалануына және нарықтық жағдайлардың деформациялануына әкелетін практикалар жойылады. Бұл ең алдымен, жетекші рөлді жеке сектор атқаратын жаппай кәсіпкерлікке негізделген, олигополиялар мен олигархияға тәуелді емес экономикалық жүйе құруға мүмкіндік береді», - деп көрсетілген құжатта.

Бекітілген жаңа экономикалық саясатты іске асыру шеңберінде өсім жалпы ішкі өніммен ғана емес, сонымен бірге сапалы жұмыс орындарын құру және азаматтардың нақты кірістерін ұлғайту бойынша бағаланады.