18:09, 12 Маусым 2009
Өлім жазасына қатысты заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында қаралады
АСТАНА. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Заңнама және құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетовтың сөзіне қарағанда, заң жобасын дайындау 2007 жылғы мамырдың 21-і күні еліміздің Конституциясына енгізілген өзгерістермен байланысты болып отыр. Құжат өлім жазасын қолдану шарасының аясын тарылтуды көздейді. Айталық, қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодексте өлім жазасы 18 мәселе бойынша қарастырылған, ал жаңа заңда ол 16 қылмыс түрін қамтиды. «Жаңа заңда сондай-ақ өлім жазасын қарастыратын қылмыстардың құрамы өзгертілген. Атап айтқанда, геноцид, мемлекетке опасыздық және әскери қылмыстардың бейбіт және соғыс уақытында жасалуы мүмкіндігі ескеріле отырып, өлім жазасын тек соғыс уақытында жасаған қылмыстар үшін қарастыру көзделіп отыр. Өлім жазасы сонымен қатар соғыс уақытында жасалатын 14 ерекше ауыр қылмыс үшін белгіленген. Сондай-ақ ол террористік әрекеттер үшін де қолданылады», - деді вице-министр.Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Мәжілістің жалпы отырысында мақұлданған. Отырыста құжатты жан-жақты талқылаған депутаттар оны Сенаттың жалпы отырысында бірінші оқылымда қарау қажет деген шешімге келді.