Олимп шыңын бағындырамын деген спортшы тәртіпке бағына білуі керек – Елдос Сметовтің бапкері

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында Олимпиада ойындары жалғасып жатыр. Бірақ, Елдос Сметовтің алтын медалінен кейін әлі бірде-бір спортшымыз алтынға қол жеткізе алған жоқ.

Фото: instagram.com/yeldos60kg

Ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені сыйлаған Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевпен сұхбаттасудің сәті түскен еді.

- Ғалымжан мырза, сізді таныстырудың өзі артық. Сіз дзюдо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және әлем чемпионы Елдос Сметовтің бапкерісіз. Шәкіртіңіздің жеңісін көргенде қандай сезімде, қандай көңіл күйде болдыңыз?

- Бұл сезімді ешқашан тілмен айтып жеткізе алмайтын шығармын. Тіпті, суретпен де бейнелеу мүмкін емес. Қалай айтарымды, қалай жеткізерімді де білмеймін. Тек жүрегіммен ғана үнсіз сезініп жүрмін.

- Елдостың осындай чемпион болатынына 100 пайыз сенімді болдыңыз ба?

- Әрине, сендім. Ол нағыз бабында болды. Ең бастысы Елдос сол бабын сақтап, барын салып, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Бүкіл елдің сенімін ақтады.

- Олимпиада ойындарына қалай дайындалдыңыздар?

- Үлкен жақтан ұлттық құрама сапында болғанымызбен өзіміз арнай бағдарламамен жұмыс істедік. Бізге, мемлекет, үкімет бар жағдайымызды жасап жатыр. Оның ішінде Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті, Қазақстан туризм және спорт министрлігі бар. Барлық құжаттарымызды бітіріп беріп, ір оқу-жаттығуына баруымызға ақша төлеп, киімдерімізді беріп, шығарып салып, күтіп алып дегендей барлық қызметті атқарып жатыр. Әр мекеменің өзіне тиісті атқаратын жұмысы бар. Бастысы, шәкіртімнің тарихи жеңісіне куә болып қайттым. Бұл жеңіс – бұрынғы жеңістерден дәмі мүлде бөлек қой. Сондықтан, аталған мекеме басшыларына алғыс айтамын.

- Осындай Олимп шыңын бағындыруға қалай бірге жеттіңіздер?

- Мен Елдосты осындай биікке шығаруға қаншама тер төккенімді өзім ғана білемін. Сондықтан, менің Олимпиада ойындарында қасында болуым, оған қолдау білдіріп, ақыл-кеңесімді айтуым заңдылық еді. Біз бірге чемпион атандық десем қателеспеймін. Біз жеңіске бірге жеттік, біз армандарымызды бірге орындадық. Елдос екеуміз Олимпиаданы бірге сәтті аяқтадық.

- Жалпы, Парижге алпыстан астам спортшының жеке бапкерлері келіпті. Осындай, Олимпиада ойындарында спортшылардың жеке бапкерлері спортшылардың қасында болуы оларға қаншалықты күш береді?

- Негізі, осындай төрт жылда бір-ақ рет өтетін Олимпиада ойындарында әр ұлттық құраманың бас бапкерімен бірге жеке бапкерлері де бірге келуі өте дұрыс шешім деп қабылдаймын. Жеке бапкерлер Олимпиада барысында өз шәкірттерінің әр қимылын бағып, қадағалауы керек.

- Елдос қатарынан үш Олимпиадада жүлде алды. Оның осындай деңгейін ұстап тұруының қандай сыры бар?

- Оның ешқандай сыры жоқ. Елдос осыған дейін өзінің спортшы екенін бір сәтке ұмытқан емес. Өзін қатардағы жауынгер ретінде ұстап жүрді. Қай күні, қандай бұйрық болса, соған дайын болды. «Мен Олимпиаданың екі дүркін жеңімпазымын» деп бір күн масайраған жоқ. Халық қалай еркелетті, солай еркеледі. Еркеліктің шегінен шыққан емес.

- Бапкер ретінде Елдостың қандай қасиеттерін ерекше атап өтер едіңіз?

- Елдос ерекше адам. Оған Алла спорттағы бақ пен бірге сананы да қосып бере салған. Өте өз ісіне жауапты. Айтқанды екі етпейтін елгезектігі, ақкөңілдігі, мейірімділігі, қойшы әйтеуір Елдостан бар жақсы қасиеттердің барлығын табасың.

- Спортшы биік белеске көтерілу үшін бапкердің нақты қандай талаптарын орындай білуі керек?

- Олимп шыңын бағындырамын деген спортшы тәртіпке бағына білу керек. Тәртіп болмаған жерде береке де болмайды. Береке болмаған жер де ешқандай еңбек жемісін бермейді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демей ме?! Міне, Елдос осындай талаптарды орындап, таудай биіктерге қол жеткізді. Біздің кейбір спортшыларымыз бір белесті бағындырса болды, ары қарай өзінен «жүлдыз» жасап, қайда үшып кеткенін таппай жатамыз...

- Енді Елдос спорттық мәнсабын аяқтай ма? Егер аяқтап жатса немен айналысуы мүмкін?

- Ол жағын әзірге шешкен жоқпыз. Бірден спорттан алыстап кетеміз деп ойламаймын. Елдостың арт жағында да қаншама жастар өсіп келеді. Оларды да ойлауымыз керек. Жол беруіміз керек.

- Болашақта «мынау Елдостың спорт мектебі» дейтіндей орталықты көруіміз мүмкін бе?

- Ол да мүмкін. Неге, ондай орталықтар ашпасқа! Алматыда, Астанадан иә болмаса басқа өңірлерден, тіпті еліміздің барлық аймағынан Елдостың атында болашақ чемпиондарды шыңдайтын арнайы орталықтар болу керек деп есептеймін. Бұл мәселе алдағы уақыттың еншісінде...

- Сіз тек бапкер ғана емес, дзюдо саласының үздік маманы екеніңізді де жақсы білеміз. Қазіргі жас буындар арасынан Елдостай болашақ чемпиондарды байқап жүрсіз бе? Нақтырақ айтсақ, Елдостың ізін басатын кімдер бар?

- Елдостың бұл биігі, Елдостың шыңы, енді ешқашан аласармайды. Жылдар өткен сайын биіктей береді. Сондықтан, Елдосқа еліктейтін, Елдостай болғысы келетін жастар буыны жылдан жылға артпаса кемімейді деп ойлаймын. Елдостай ұлды туған қазақ аналары әлі талай осындай батырларды туатынына сенемін.

- Жалпы, қазіргі еліміздегі дзюдо спортының дамуына қандай баға бересіз?

- Өте жақсы деңгейде дамып келе жатыр. Қазір мемлекет спорт саласына қатты қолау көрсетіп жатыр. Осы қолдауды сезініп, ары қарай жұмыс істеуіміз керек.

Әңгімеңізге рақмет!