Олимпиада-2012: төртінші күннің қорытындылары - боксшылар ақтық мәреге бір табан жақындады

None
АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының төртінші күні, 31 шілдеде Қазақстан спортшыларының күйініші мол жеңілістеріне де, барша халықты сүйсіндірген ұлы жеңістеріне де куә болдық.

Бұл күнгі жарқын жеңістердің бірін тағы да ауыр атлеттер әкелді. Қазақ халқының басты үміттерінің бірі - Майя Манеза Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына үшінші алтынды салды!  63 келі салмақ санатындағы әйелдер арасындағы жарыста Майя Манеза жұлқа көтеру сайысында 110 келілік зілтемірді бағындырып, серпе көтеруде 135 келіні еркін көтерді. Қорытынды ұпай - 245. Күміс медаль 237 келіні бағындырған ресейлік Светлана Царукаеваға, ал қола медаль 236 келі көтерген канадалық Кристин Жерарға бұйырды.

Айта кетейік, қазақстандық ауыр атлетші Майя Манеза екі дүркін әлем чемпионы (2009 жылы 2010 жылдар), 63 келіге дейінгі салмақта 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жұлқа көтеруде 143 келіні бағындырып, әлем рекордын орнатқан.  2009, 2010 және 2011 жылдарғы Қазақстан чемпионы, 2009 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы. Ол Алматы облысынан қатысуда.

Еске салсақ, Лондонда өтіп жатқан ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына бұған дейін алтын медальдарды велошадандоз А.Винокуров пен ауыр атлетші Зүлфия Чиншанло салған болатын.

 Олимпиада жарыстарында боксшылар ел қоржынын еш уақытта бос қалдырмаған. Биылғы Лондон Олимпиадасында да барша қазақ жұрты олардан жеңістер күтеді. 31 шілдеде шаршы алаңда еліміздің намысын қорғауға 3 боксшы шықты. 52 келіге дейін салмақта жұдырықтасқан Астананың тумасы, 21 жасар боксшы Ілияс Сүлейменов Лондонда өткен жекпе-жекте швед Саломо Нтуведен 13:8 есебімен басым түсті. Келесіде, 3 тамызда ол британандық спортшы Эндрю Селбимен кездеседі. Екінші болып Лондон Олимпиадасында шаршы алаңға шыққан боксшы Біржан Жақыпов француздық Джереми Беккуді жеңді. Айта кетейік, 1984 жылы туған шымкенттік Біржан Жақыпов Мырзағали Айтжановтың қол астында жаттығады. 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылғы XVI жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы. Боксшы Б.Жақыпов келесі жекпе-жекті 4 тамыз күні филиппиндік Марк Барригаға қарсы өткізеді.

Лондон Олимпиадасында 64 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан  тағы бір боксшымыз Данияр Елеусінов 1/32 финалда АҚШ-тың үмітін арқалап келген спортшы Жамел Херингті басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп - 19:9. Данияр Елеусіновтің 1/16 финалдағы қарсыласы белгілі болды. Ол испандық былғары қолғап шебері Джонатан Алонсо Флетені 16:12 есебімен жеңген ирандық Мехди Толоутибандпен жұдырық түйістіреді.

Данияр Елеусінов 21 жастағы астаналық спортшы. Халықаралық санаттағы спорт шебері. Ол Қазақстан чемпионы (2010-2011 жылдары), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы). Данияр жолдаманы жақында елордада өткен  Азиялық іріктеу турнирінде қанжығасына байлады. 
Есте болса, ҚР Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы М.Айтжанов: «64 келі салмақта шаршы алаңға шығатын бұл боксшы болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі. Данияр өте сауатты боксшы және ол сайыс кезінде әр қадамын есептеп жасайды, сондай-ақ барлық қашықтықта жұмыс істей алады. Әмбебап-боксшы. Біз оған өте үлкен үміт артып отырмыз. Шаршы алаңда ол кез келген қарсыласпен жеңіс жолының кілтін таба алады», - деген болатын.

Боксшыларымыз бен Майя Манезаның жеңісті жолын отандық дзюдошы Ислам Бозбаев жалғастыра алмады. Дегенмен екі кездесуінде қарсыластарын ә дегеннен-ақ жаурындарын жер иіскеткен 21 жастағы теміртаулықтың шымыр күресіне шын сүйсіндік. Украиндық спортшы Артем Василенкомен, Того елінің дзюдошысы Сачо Денаньонмен жекпе-жектер өткізіп, екеуін де айқын басымдылықпен  жеңген Ислам неміс спортшысы Оле Бишопқа келгенде сүрінді. Осылайша жарысты әдемі бастаған Ислам Бозбаев жарыс жолынан шығып қалды. Бүгін, 1 тамыз күні отандық дзюдошылардың жарысын 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін астаналық Тимур Болат жалғастырады.

И.Бозбаевтың жеңілісінен кейін Лондон Олимпиадасында ынталандыру сайысының ақтық сынына өткенін естігенде қайтадан бір серпіліп қалдық. Академиялық ескек есуден Лондон Олимпиадасында ширек финалға өте алмай қалған жерлесіміз В.Яковлев

ынталандыру сайысының ақтық сынында өнер көрсетпек. Яковлев 7:33.29 уақыт көрсетіп, өз тобында екінші орынға ие болды. Осылайша қазақ спортшысы ынталандыру сайысының ақтық сынына жолдама алды. Бұл оның жүлдеге таласуына мүмкіндік береді.

Шыны керек, 2012 жылғы Жазғы Олимпиадаға теннисшілеріміз жоғары орындардан көтерілетіндігіне сенімді болмадық, алайда зор үміттеніп едік. Бұл үміт бүгін толығымен су сепкендей өшті. Себебі жұптық сында Я.Шведова мен Г.Воскобоева ресейлік қос спортшыға есе жіберіп, Олимпиададағы жарыс жолынан сырғып кетті. Алайда, Я.Шведова жеке разрядта жүлделі орынға таласуын тоқтатпаған еді. Сәл уақыттан кейін теннисшіміз Я.Шведова Сабина Лесицкиге қарсы матчын бастады. Үш сетке созылған матчта Германия теннисшісі Сабина Лесицки 4:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңіп, үшінші турға отандасымызды жіберген жоқ. Еске сала кетейік, Лесикиге дейін жарыстың бірінші айналымында Шведова Румыния теннисшісі Симона Халепті тізе бүктірген болатын. Ал Г.Воскобоева болса бірінші айналымда-ақ Олимпиада жүлдесі үшін жарыс жолын аяқтаған.

Осы күні Лондон Олимпиадасында су полосынан Қазақ елінің намысын қорғайтын спортшыларымыз екінші кездесулерін австралиялықтарға қарсы өткізіп, есе жіберді. Қазақстан құрамасы Австралияға 7:4 есебімен ұтылды. Естеріңізге сала кетейік, ел құрамасы алғашқы ойынында испандықтарға 6:14 есебімен ұтылған болатын. Ел құрамасы сапында қарсыластар қақпасына Владимир Ушаков пен Сергей Губарев - екі, ал Евгений Жиляев пен Рүстам Үкіманов бір-бір доптан соққан еді.

Айтпақшы кеше, сейсенбіде Винокуров Олимпиадалық ойындарда жеңіске жеткізген велосипедін бәссаудаға шығаратындығын мәлім етті. «Астанаға Олимпиадалық ойындарда жеңіске жеткен велосипедімді әкеліп, оны бәссаудаға қоятын боламын.  Менің ойымша, оны қуана сатып алатындар табылады. Ал жиналған ақшаны  балаларға жұмсамақпын», - деді Винокуров «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында. Бұдан бөлек, Олимпиада чемпионы  жүлдеге берілген 250 мың доллардың бір бөлігін  өзінің және әйелінің ата-анасына, әпкесіне беретінін жеткізді. Ал қалғанын балаларының оқуына жұмсамақ. 
Өзінің алдағы іс-жоспары туралы сұраққа: «Астана» командасын басқару туралы әзірге нақты ешқандай әңгіме қозғалмағанын, дегенмен Олимпиададан кейін осы мәселе төңірегінде келіссөздер болатынын мәлім етті, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

Осылайша жалпы алғанда Қазақстан үшін сәтті өткен кешегі күні Қазақстан жалпыкомандалық есепте 6-орынға көтерілді. Олимпиаданың көш басына 10 алтынмен, 3 қоламен және 6 күміспен Қытай жайғасқан. Тізімдегі екінші орын АҚШ еліне тиесілі. Оның қоржынында әзірше 6 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль бар. Одан кейінгі орынды Франция құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен алып отыр. Оңтүстік Корея Республикасы 3 алтынмен, 2 күміс және 2 қоламен төртінші орында, олардың оңтүстіктегі көршілері КХДР елі 3 алтын, 1 қоламен бесінші орында тұр. Одан кейін 3 алтын медаль ұтқан Қазақстан құрамасы келеді. Бүгінгі күн де қазақ жұрты үшін толағай табысты болатынына үміттіміз.