Олимпиада-2018: Пхенчханда Қазақстанның баспасөз орталығы ашылды

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында Қазақстанның баспасөз орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Пхенчханда өтетін ХХIII қысқы Олимпиада ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың қатысуымен Пхенчхандағы Олимпиада ойындарында қызмет ететін қазақстандық тілшілерге арнайы ұйымдастырылған баспасөз орталығы ресми түрде ашылды.

Мұнда журналистердің күнделікті жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Жарыстардың трансляциясы мен Олимпиадаға қатысты барлық мәліметтер  баспасөз орталығында жүргізіледі. Сондай-ақ мұнда әр сайыстан кейін қазақстандық спортшыларға арналған баспасөз мәслихатын өткізу орны дайындалған.

"Бізде жақсы нәтижелер бар. Спортшыларымыз бабында, Олимпиада ойындарына дайындалу үшін барлық жағдай жасалды. Бірақ, спортта жақсы дайындықтан өзге сәттілік те керек. Сол үшін біздің спортшыларға сәттілік тілегім келеді", - деді Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев.

Ал өз кезегінде Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Абулғазин қазақстандық БАҚ өкілдеріне "Тәуелсіздік Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінен біз спортшылар саны бойынша екінші орындамыз. Олимпиаданың тоғыз спорт түрінен жолдама алдық. Біздің делегация мақтауға тұрарлық деп ойлаймын. Қанша медаль алатынымызды болжау қиын, себебі бұл спорт. Ең бастысы, үміт артатын спортшыларымыз бар. Спортшыларымыздың Олимпиада ойындарына қатысып жатқанының өзі құрметке лайық. Спортшыларымыздың жетістіктерін білулеріңіз қажет. Сол себепті ҚР ҰОК мен Спорт және мәдениет министрлігі бірлесіп Рио-де-Жанейродағы Олимпиададағыдай журналистердің жұмысын жеңілдету үшін баспасөз орталығын ұйымдастырдық", - деп атап өтті.





  

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындары ертең, яғни 9 ақпанда ресми басталып, 25 ақпанда аяқталады.