ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХIII қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы жарысынан әйелдер арасындағы 10 шақырымдық еркін стиль жарыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл сында ел намысын Елена Коломина, Анна Шевченко, Валерия Тюленева бастаған үш спортшымыз қорғаған болатын. Алайда, үшеуі де жүлделі орындарға іліге алмады. Олардың арасында ең үздік нәтижені Валерия Тюленева көрсетті. Ол мәре сызығын 28 минут 20,7 секундта 47-ші болып кесті. Ал Анна Шевченко 28 минут 56,9 секундта 56-шы, ал Елена Коломина 29 минут 13 секундты көрсетіп, небәрі 63-ші орынды қанағат тұтты.
Жеке жарыс бойынша алтын медальді норвегиялық шаңғышы Рагнил Хага жеңіп алса, күміс жүлдені швед спортшысы Шарлотт Калл қанжығасына байлады. Норвегиялық Марит Бьерген үздік үштіктен көрінді.
Фото: Ізутрған Алдауев
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.