Олимпиада-2022: Алматы vs Бейжің. Кім жеңіске жетеді? (ФОТО)
Әлемдік маңызға ие айтулы спорт додасын өткізу үшін әуел баста әлемнің оншақты елі өз өтініштерін білдірген. Алайда, уақыт өте келе көпшілігі өтінімдерін кері қайтарып алды. Соңында екі қала - Алматы мен Қытай астанасы Бейжің қалалары үміткер ретінде қалды.
Міне, 31 шілдеде Малайзияның Куала-Лумпур қаласында ХОК 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге Алматы мен Бейжіңнің қайсысы лайық екені анықталатын болады. ХОК мүшелерінің таңдауы Алматыға түсе ме, әлде Қытай астанасы Бейжіңге түсе ме біз мұны сол күні білетін боламыз.
Қарсыласымыз осал қала емес екені айтпасақ та белгілі. Олар 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындарын өткізді. Жазғы Олимпиада өткізуге мүмкіндігі болған елдің қысқы Олимпиаданы өткізуге де қауқары жететіні анық. Бірақ, Алматы да барлық талаптарға сақадай-сай деуге болады. Әйткенмен, бақ шаба ма, бап шаба ма, мұны санаулы күндерден кейін білетін боламыз.
Осыған орай, 31 шілде күні сағат 15:00-де Алматыдағы Абай алаңында Куала-Лумпурда өтетін Халықаралық Олимпиада Комитетінің сессиясынан тікелей көрсетілім ұйымдастырылады. Онда алдағы Олимпиада ойындарын өткізетін ел белгілі болады. Қала тұрғындары мен қонақтары аталған уақытта Алматы кандидатурасын қолдау үшін алаңға жиналмақ. Ал Алматыны қолдау үшін еліміздің танымал көптеген спортшылары Малайзияға аттанып кетті. Олардың қатарында бокстан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Серік Сәпиев және конькиден әлем чемпионы Денис Кузин, Сочидегі қысқы Олимпиаданың жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, танымал волейболшы Сабина Алтынбекова және тағы басқа белгілі спортшылар бар.
Енді осыған дейінгі Қысқы Олимпиада ойындарының тарихына қысқаша көз жүгіртіп өтейік.
1924
І қысқы Олимпиада ойындары Францияның Шамони қаласында өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған додаға әлемнің 16 елінен 280 спортшы қатысты.
1928
ІІ қысқы Олимпиада ойындары Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында ұйымдастырылды. 25 елден 464 спортшы жарысқа түсті.
1932
ІІІ қысқы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткізілді. 17 елден келген 252 спортшы бақтарын сынады.
1936
ІV қысқы Олимпиада ойындарын Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласы қабылдады. Жүлдеге әлемнің 28 елінен келген 646 спортшы таласты.
1948
V қысқы Олимпиада ойындарының алауы Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында екінші рет тұтанды. Бұл бәсекеде 28 елден 669 спортшы бақтарын сынады.
1952
VI қысқы Олимпиада ойындарын Норвегия астанасы Осло қабылдады. 30 елден 694 спортшы сынға түсті.
1956
VIІ қысқы Олимпиада ойындарын Италияның Кортина Д'Ампеццо қаласы қабылдады. 32 елден 821 спортшы қатысты.
1960
VIІІ қысқы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Скво-Вэли қаласында өтті. 30 елден 665 спортшы жарыс жолына шықты.
1964
ІХ қысқы Олимпиада ойындары Австрияның Инсбурк қаласында алауын тұтатты. Байрақты бәсекеге 36 елден 1091 спортшы келді.
1968
Х қысқы Олимпиада ойындарын өткізу Францияның Гренобль қаласына бұйырды. 37 елден келген 1158 саңлақ жүлде үшін таласқа түсті.
1972
ХІ қысқы Олимпиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында өтті. 35 елдің 1006 спортшысы қатысты.
1976
ХІІ қысқы Олимпиада ойындарын Австрияның Инсбурк қаласы қабылдады. 37 елден келген 1123 спортшы жүлдеге таласты.
1980
ХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында тұтанды. 37 елдің үмітін арқалаған 1072 спортшы бәске түсті.
1984
XIV қысқы Олимпиада ойындарын бұрынғы Югославия мемлекетінің Сараево қаласы қабылдады. 49 елден 1272 спортшы қатысты.
1988
XV қысқы Олимпиада ойындары Канаданың Калгари қаласында өтті. Әлемнің 57 елінен 1423 спортшы сынға түсті.
1992
XVІ қысқы Олимпиада ойындары Францияның Альбервиль қаласында ұйымдастырылды. 64 елден 1801 спортшы келді.
1994
XVІІ қысқы Олимпиада ойындарын Норвегияның Лиллехамер қаласы қабылдады. Әлемнің 69 елінен 1739 спортшы келді. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы тұңғыш рет қатысты. Атақты шаңғышы Владимир Смирнов 1 алтын, 2 күміс жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 12 орынға орналасты.
1998
XVІІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы Жапонияның Нагано қаласында тұтанды. 72 елден 2302 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасынан шаңғышы Владимир Смирнов пен конкьимен жүгіруші Людмила Прокашева қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Беларусь Республикасымен 20-21 орындарды бөлісті.
2002
XІХ қысқы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтті. 77 елден 2390 спортшы келді. Қазақстандық спортшылар бұл Олимпиадада жүлде ала алмады.
2006
XХ қысқы Олимпиада ойындары Италияның Турин қаласында жалауын желбіретті. Жарыс жолына әлемнің 80 елінен келген 2508 спортшы жарыс жолына шықты. Бұл жолы да қазақстандық спортшыларға жүлде бұйырмады.
2010
ХХІ қысқы Олимпиада ойындарын Канаданың Ванкувер қаласы қабылдады. 82 елден 2766 спортшы сынға түсті. Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан мен Эстония елдері 25-26 орынды өзара бөлісті.
2014
ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарын Ресейдің Сочи қаласы қабылдады. Байрақты бәсекеге әлемнің 90 елінен 2800 спортшы қатысты. Қазақстан намысын бұл додада 52 спортшы қорғады. Сочиде мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей бәсекеде Денис Тен қос бағдарламада 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды. Осылайша 2014 жылы Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26-орынды иеленді.
Естеріңізге сала кетейік, ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары Пхенчханда (Оңтүстік Корея) 2018 жылы 9 ақпанда өтеді.
Күнсұлтан Отарбай