Биатлонннан Қазақстан командасы Бейжің Олимпиадасына 12 жолдама жеңіп алды. Оған еліміздің атынан Галина Вишневская, Александр Мухин және Владислав Киреев жіберілген еді.
ҚР Ұлттық ұланының хабарлауынша, биатлоншы Александр Александрович Мухин – Ұлттық ұланның Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі. Оның лауазымы – жедел мақсаттағы батальон сарбазы (атқышы).
«А. Мухин 1998 жылы Ақмола облысында туған. 2021 жылдың маусым айында ҚР Ұлттық гвардиясының қатарына шақырылған. ҚР Ұлттық ұланының спорт командасының құрамына енген. Оның әкесі – Александр Мухин, биатлоннан КСРО спорт шебері, шаңғы жарысынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, чемпиондардың тұтас саңлақтарын тәрбиелеп өсірген бапкер. Александр Александрович Мухин шаңғы жарысынан ҚР спорт шебері болып саналады. Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері және жеңімпазы, Әлем чемпионаттары мен кубоктарының қатысушысы, биатлоннан ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі», - деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Өкінішке қарай, 8 ақпанда Олимпиададағы биатлоннан ерлер арасындағы жекелей жарыстарда А. Мухин ( 6:13.0) 52-ші орыннан көрінді. Бүгін жас спортшы биатлоннан ерлер арасындағы 10 шақырымдық спирнт додасына шығады.
Ал 11 ақпанда биатлоннан әйелдер арасындағы спринт жарысы өтті. Бағдарламаның бұл түрінде Қазақстан атынан жалғыз Галина Вишневская-Шепоренко ел намысын қорғаған еді.
Галина Сергеевна Вишневская-Шепоренко – ҚР Ұлттық ұланының аға лейтенанты. Ол Шығыс Қазақстан облысының тумасы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азияның екі дүркін чемпионы, 2017 жылғы Универсиаданың екі дүркін чемпионы және 2017 жылғы Қысқы Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. 2014 жылғы ақпан айынан бері құқықтық тәртіп әскерлері қатарында 6636 әскери бөлімінің Ұлттық ұлан спорт командасын даярлау орталығының спорт жөніндегі аға нұсқаушысы.
Г. Вишневская-Шепоренко 2015 жылдың қаңтарында Словакияның Осрбль қаласында өткен 27-ші Қысқы Универсиадада аралас эстафетада күміс медаль жеңіп алды. 2017 жылдың қаңтарында спортшы Алматыда өткен 2017 жылғы 28-ші Қысқы Универсиадада Қазақстанның басты үміті болды. Және биатлоншылар жарысында барлық үміттерін ақтап, 7,5 км спринтте екі алтын медаль және 12,5 км масс-стартта, сондай-ақ 15 км жеке жарыста және аралас эстафетада екі күміс медаль жеңіп алды.
2017 жылдың ақпан айында Галина Вишневская Саппородағы Қысқы Азия ойындарында биатлон бағдарламасының барлық төрт алтын медалін жеңіп алды: 7,5 км спринтте, 10 км қудалау жарысында, аралас эстафетада және 12,5 км масс-стартта. 2017 жылы Эстерсундта өткен Әлем Кубогы кезеңінде (Максим Браунмен жұптасып) жалғыз аралас эстафетада үшінші орын алған.
7 ақпанда Галина Вишневская-Шепоренко Бейжің Олимпиадасындағы жекелей жарысты 44-ші орынмен аяқтап, із кесу жарысына жолдама алған 60 спортшының қатарына енген еді.
Өкінішке қарай, отандасымыз бұл Олимпиадада биатлоннан әйелдер арасындағы спринтте жалпы есепте 60 спортшының ішінен 52-ші орынға ие болды. Жерлесіміз жеңімпаздан 2:38,3 (1 0) минутқа қалып қойды.
Қазақстан құрамасының ең жас биатлоншысы Владислав Киреев 21 жаста. Ол 2000 жылы Қарағанды облысында туған. Қысқы спорт түрлері бойынша облыстық олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі ретінде ҚР спорт шебері және жастар арасында Қазақстан мен Азия чемпионы болған. 2020 жылы Швейцарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеке жарыста бесінші болды. 2021 жылы биатлоннан Чехияда өткен жазғы әлем чемпионатында жетінші орын, Қырғызстанда өткен Азия біріншілігінде алтын және қола медальдарға, ал Алматыда өткен ҚР Спартакиадасында үш жарыста жеңіске жеткен.
8 ақпанда Олимпиададағы биатлоннан ерлер арасындағы жекелей жарыстарда Владислав Киреев ( 3:41.8) 25-орынға ие болды. Ал бүгін жас спортшы А. Музин отандасымен бірге биатлоннан ерлер арасындағы 10 шақырымдық спирнт жарысына қатысады.
Еске сала кетейік, Олимпиада ойындарында спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысуда. Олар 87 жолдама жеңіп алды. Қазақстандықтар шаңғы жарысы, фристайл, акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен аттанған еді. Әзірге Қазақстан қоржынында медаль жоқ.