«Егемен Қазақстан үшін алғашқы қысқы Олимпиада – 1994 жылғы Лиллехаммердегі ойындар болды. Бейжің Олимпиадасы Тәуелсіздіктің 30 жылындағы 8-ші Олимпиада болмақ. Тәуелсіз Қазақстанның спорт тарихында қысқы Олимпиадаларда 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль қоржынға түскен. Оның ішінде, қысқы Олимпиаданың бірінші және жалғыз қазақстандық чемпионы – Владимир Смирнов. Сондай-ақ, қысқы Олимпиада жүлдегерлері Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және фристайл – могулдан құрама жетекшісі Юлия Галышеваның қосқан үлесін атап өткен жөн», - делінген хабарламада.
Биылғы XXIV қысқы Олимпиадаға әлемнің 95 елінен үш мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыс бағдарламасына сәйкес, спорттың 15 түрі бойынша 109 медаль сарапқа салынады.
Қазақстанның олимпиадалық құрамасының атынан Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова Ту көтеріп шығады.
Құрамадағы ең үлкен спортшы – 35 жастағы шаңғышы Евгений Величко болса, ең кішісі – фристайл-могулда ойын көрсететін 16 жасар Анастасия Городко, ол 2021 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.
«Олимпиада ойындарындағы ең тәжірибелі топ – фристайл-могул командасы. Юлия Галышева бұл спорт түрінен 2018 жылғы Олимпиадада «қола» жеңіп алды. Биыл ол төртінші рет спорт ойындарына қатысқалы отыр. Дмитрий Рейхерд – Азия ойындары мен Универсиада чемпионы, ол да төртінші рет сынға түседі. Павел Колмаков – Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері, ол өз мансабында үшінші рет қатысады. Сондай-ақ, шорт-трек командасында мықты құрам бар. Онда Әлем кубогы кезеңінің чемпионы Абзал Әжіғалиев, әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері Денис Никиша бар. Екатерина Айдова да Қазақстан құрамасының тәжірибелі спортшыларының бірі,ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы (2010) атанған», – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындары 4-20 ақпан аралығында өтеді. Ақ Олимпиадада еліміздің намысын 34 спортшы қорғайды.