Олимпиада-2026: 20 ақпанда қазақстандықтар қалай өнер көрсетті

Фото: Сәли Сабыров

АСТАНА. KAZINFORM – Милан, Кортина-д’Ампеццо және Италияның солтүстігіндегі өзге де қалаларда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпия ойындарының аяқталуына үш күн қалғанда, 20 ақпанда қазақстандық спортшылар үш спорт түрі бойынша сынға түсті.

Фристайл-акробатикадан ерлер арасындағы жеке жарыста төрт қазақстандық өнер көрсетті.

Алайда ешқайсысы іріктеу кезеңінен өте алмады. Нәтижесінде Асан Асылхан 18-орын, Шерзод Хаширбаев 16-орын, Дінмұхаммед Райымқұлов 19-орын, ал Роман Иванов 13-орын алды.

Шорт-тректен әйелдер арасында 1500 метр қашықтықта қазақстандық спортшылар іріктеу кезеңінен аса алмады. Яна Хан 29-орынға, Ольга Тихонова 22-орынға тұрақтады.

Конькимен жүгіру спортынан әйелдер арасындағы 1500 метр қашықтықта Надежда Морозова мен Елизавета Голубева бақ сынады. Голубева 7-орын иеленсе, Морозова 12-сатыға жайғасты. Спортшылар жүлдеге қол жеткізе алмады.

Қазақстан құрамасының еншісінде бұл Олимпиадада әзірге бір алтын медаль бар.