ПАРИЖ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Александр Бублик Париж Олимпиадасында жеңіліп қалды.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 11-ракеткасы, америкалық Тейлор Фритцпен шеберлік байқасты.
Америкалық спортшы матчты брейкпен бастады – 2:0. Сол брейк оған жеткілікті болды – 6:4.
Екінші сетте де Фритц 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры босаңсымай, өз дегеніне жетті - 6:4. Бір сағатқа созылған бәсеке барысында Бублик 6 эйс жасағанымен, 2 брейк-пойнтты пайдалана алмады. Қарсыласы 12 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Олимпиадада жекелей сында Қазақстаннан Александр Шевченко ғана қалды. Ал А.Бублик енді Александр Недовесовпен бірге жұптық сында өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Румыниядағы WTA 250 турнирінде топ жарғанын жазған болатынбыз.
Юлия Путинцева Олимпиадаға неге қатыса алмағанын түсіндірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).