Олимпиада: Бүгін биатлоншыларымыз жеке жарысқа қатысады

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Канаданың Ванкувер қаласында өтіп жатқан XXI қысқы олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар жарысын жалғастыруда. Бүгін әйелдер арасында биатлоннан 15 шақырымға жеке жарыс болады.

Бұл бәсекеде Қазақстан намысын Елена Хрусталева, Анна Лебедева, Любовь Филимонова, және Марина Лебедева қорғайды. Ал, ерлер арасындағы биатлоннан 20 шақырымға жеке жарыста жерлестеріміз Ян Савицкий, Александр Червяков, Александр Трифонов және Диас Кеңешев сынға түседі. Сондай-ақ бүгін әйелдер арасында 1000 метрге конькимен жүгіруден қазақстандық Екатерина Айдова жарыс жолына шығады. Ал, ерлер арасында конькимен мәнерлер сырғанауда еркін бағдарлама бойынша Денис Тен өнер көрсетеді. Айта кетейік, қысқа бағдарламаның қорытындысы бойынша Д. Тен әзірше 10-шы орында тұр.