Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың ұлы жол апатына ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM — Грекияда алдағы жарыстарға дайындалып жатқан Александр Винокуровтың ұлы жаттығу кезінде жол-көлік оқиғасына тап болды.
«XDS Astana Development Team» командасынан мәлім еткеніндей, велосипедші бұрылыстан кенеттен шыға келген автокөлікпен соқтығысып қалған.
Медициналық тексеріс нәтижесінде оның оң жақ жамбасы сынғаны анықталды. Жақын арада Александрға жамбас сүйегіне ота жасалады, содан кейін ол қалпына келу кезеңінен өту үшін Францияға жіберіледі.
— Қазіргі уақытта спортшының жағдайы тұрақты. Команда оған қажетті барлық қолдауды көрсетуде және тез сауығып кетуін тілейді, — деп хабарлады XDS Astana командасы.
Александр Винокуровтың 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын алғаны мәлім. Оның ұлы Александр да әке жолын қуған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында пара велоспортшылар алтын алғанын жазған болатынбыз.