17-18 қазан күндері Ақтау қаласындағы «Халық Аренада» Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан Азияның ашық кубогы (Aktau Asian Open 2026) өтеді.
Қазақстан дзюдо федерациясының мәліметінше, байрақты бәсекеге Париж Олимпиадасының чемпионы Диёра Келдиёрова да қатысады. Өзбекстандық спортшы 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдеседі.
Бұл Келдиёрова үшін 2024 жылғы Олимпиада ойындарынан кейінгі алғашқы ресми жарыс болмақ. Олимпиададағы тарихи жеңісінен соң ол ана атанып, спорттық мансабында үзіліс жасаған еді.
Айта кетейік, Диёра Келдиёрова 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ол әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері және Азияның екі дүркін чемпионы.
Ақтаудағы халықаралық додаға Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Черногория және Ресейден шамамен 230 спортшы қатысады деп күтілуде.
Турнирде жүлделермен қатар халықаралық рейтингтік ұпайлар да сарапқа салынады. Атап айтқанда, алтын медаль иегеріне 100, күміс жүлдегерге 70, ал қола жүлдегерге 50 ұпай беріледі.
Диёра Келдиёрова 17 қазанда татамиге шығады. Олимпиада чемпионының ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы белдесулері Ақтаудағы жарыстың басты оқиғаларының бірі болмақ.
Ал Қазақстанның жас дзюдошылары Душанбеде татамиге шығады.