ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін бокстан Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов Орал қаласына келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Туған жеріне келген даңқты боксшыны облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес спортты дамыту, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын орнықтыру бағытында жоспарлы жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді.
Өткен жылы Оралда Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылғаны белгілі. Қазіргі кезде мұнда отыздан астам тәжірибелі бапкердің басшылығымен 300-ге жуық бала жаттығуда.
Міне, осында бүгін Данияр Елеусінов арнайы келіп, шеберлік сағатын өткізді. Спорт саңлағынан тәлім алған жас жеткіншектер ерекше желпініп қалды. Д.Елеусіновтің айтуынша, бокспен айналысушылардың көбеюіне септігін тигізетін мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Олимпиада чемпионы балалармен ертең де тағы бір кездесу өткізбекші.
Айта кетейік, Данияр Елеусіновтей атақты спортшы түлеп ұшқан өңірде күні бүгін 700-ден астам жас бокспен айналысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).