Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өзі оқыған мектепте болды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бокстан Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов әкесі әрі бапкері Марат Тәліпұлымен бірге кезінде өзі білім алған М.Ықсанов атындағы №36 орта мектепте болып, спортпен айналысатын оқушылармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Данияр 1998 жылы аталмыш білім шаңырағының табалдырығын аттап, осында оқып, тәрбиеленген болатын. Кездесуге болашақ чемпионға «Әліппе» ұстатқан алғашқы ұстазы Зылиха Ахметова және бірге оқыған сыныптастары келді. Данияр бала кезіндегі партаға отыруды да ұмытқан жоқ.

 

Мәртебелі меймандар мектеп шәкірттерінің түрлі сауалдарына барынша жауап беріп, емін-еркін әңгімелесті.

«Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын. Егемен елімізде спортшыларға да барлық жағдай жасалған. Қандай да бір табыс тек қана еңбекпен, тынымсыз тер төгіп, үзбей жаттығу арқылы келеді. Сендердің араларыңнан да әлемдік жарыстарда топ жарып, жүлде алатын саңлақ спортшылар шыға берсін», - деді Данияр Елеусінов.

 

Кездесу соңында мектеп директоры Азима Ғұбашева Даниярға мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсанов туралы «Ұлы тұлға» кітабын тарту етсе, Олимпиада чемпионы оқушыларға қолтаңба қалдырды. 

   

Соңғы жаңалықтар