Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов «Астана» ПКСК-ні басқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі қазақстандық шаңғышы, Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры қызметіне тағайындалды.

«В. Смирновты барлығыңыз жақсы білесіздер. Оның халықаралық олимпиадалық комитеттен жинаған үлкен тәжірибесі бар. Ол сондай-ақ халықаралық биатлоншылар одағының вице-президенті болған. Ол біздің шақыруымызды жерге тастамай, келіп отыр. Енді бүгіннен бастап жаңа қызметіне кіріседі», - деп атап өтті «Астана» ПКСК қамқоршылар кеңесінің төрағасы Дархан Қалетаев.

Оның айтуынша, В. Смирновтың мол тәжірибесі «Астана» клубының брендін халықаралық аренада оң қырынан таныта алады.

Өз кезегінде В. Смирнов «Астана» клубының спорт әлемінде өзіндік орны бар маңызды құрылым екенін атап өтті.

«Астана» ПКСК-да Астананың жаңа брендтерін жасап, оларды әлемге танытуға барлық мүмкіндіктері бар. Клуб тек спортшылардың ғана емес, сонымен қатар әлемдік дәрежедегі инвесторларды да қызықтыра алады. Солар арқылы біз тек ішкі ғана емес, сондай-ақ сыртқы спорт өнерін де дамыта аламыз», - деді В. Смирнов.

Айта кетейік, «Астана» ПКСК 2013 жылы құрылған болатын. Оның құрамына еліміздің ең алдыңғы қатарлы спорттық беделді жобалары, мәселен, «Астана» БК, «Барыс» ХК, «Астана Дакар Тим» ралли-командасы, «Астана» ФК, «СК Астана» су добы командасы, «Астана» велокомандасы, «Астана Арланс» бокс клубы, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры және басқа да спорт ұжымдары кіреді. Сонымен қатар, клубтың туы астында ауыр атлетикадан екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин мен Сочи олимпиадасының мәнерлеп сырғанаудан қола жүлдегері Денис Тен де өнер көрсетеді.

Айта кетейік, клубты алғаш рет бокстан олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев басқарды. Ол 2014 жылдың сәуір айында Ұлыбританияға оқуға кетуіне байланысты қызметінен өз еркімен кеткен болатын.

Смирнов Владимир Михайлович 1964 жылы 7 наурызда Қазақ КСР, Көкшетау облысы, Щучье қаласында өмірге келген. 1994 жылғы олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының төрт дүркін күміс және екі дүркін қола жүлдегері. Үлкен спорттан 1999 жылы кеткен. Қазір Швецияда тұрады, дегенмен Қазақстанның азаматтығын сақтап қалған. Туған қаласы Щучьеде жастар шаңғы мектебін құрып, ел спортының дамуына үлесін қосуда.