Олимпиада қарсаңында қазақстандық бокстың қарқыны мықты - Т. Құлыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада қарсаңында қазақстандық бокстың қарқыны мықты. Бұл туралы бүгiн Астанада ҚР Бокс федерациясының президентi Тимур Құлыбаев мәлiм еттi.

"Инчхондағы Азия ойындарында қазақ боксшылары 6 алтын медаль жеңiп алды. Қыздар арасында өткен Әлем чемпионатында алғаш рет қазақстандық боксшымыз чемпион атанды. Болгарияда жастар арасында өткен бiрiншiлiкте Қазақстан құрамасы жалпы есепте бiрiншi орын алды. Олимпиада қарсаңында қазақстандық бокстың қарқыны мықты. Бiздiң жiгiттер жақсы өнер көрсетуде", - дедi Т. Құлыбаев.

Сонымен қатар ол AIBA Pro Boxing турнирiнде қазақ боксшыларының алғашқы аяқалыстары жаман емес екендiгiн де атап өттi. 30 қаңтар күнi Астанада бiрiншi маусымның финалында Берiк Әбдiрахманов Рио-2016 Олимпиадасына алғашқы жолдаманы жеңiп алды.

"Бiз Берiктi құттықтаймыз және сәттiлiк тiлеймiз. Қазақстандық боксты мойындаудың тағы бiр көрiнiсi - Данияр Елеусiновке "AIBA-ның жыл боксшысы" атағының берiлуi. AIBA-ның жыл бапкерi атағын қатарынан екiншi мәрте Мырзағали Айтжанов алды", - дедi ол.