ПАРИЖ. KAZINFORM — Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Александр Недовесов – Александр Бублик жұптық сында өнер көрсетті.
Қазақстандық жұп алғашқы айналымда бразилиялықтар Тьяго Монтейро – Тьяго Уайльдпен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте бразилиялық дуэт брейк жасап кетті – 6:4. Екінші сетте есеп 4:4 болғанда, тағы бір брейкке қол жеткізген Монтейро – Уайлд матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов – Бублик 3 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнтты пайдалана алған жоқ. Қарсыластары 4 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Осылайша, Париж Олимпиадасы қазақстандық теннисшілер үшін өте сәтсіз аяқталды. Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева ойынға қатысудан бас тартса, А.Бублик пен Александр Шевченко жекелей сында алғашқы айналымнан аса алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың әлемдік рейтингіде бірден 59 сатыға жоғары көтерілгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).